Алматы қаласында жылу құбыры жарылып, көшені ыстық су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы қаласында жылу құбыры жарылып, көшені ыстық су басты

14.10.2019

Алматыда жылу маусымының басталуына бір күн қалғанда құбыр жарылды. Орталық көшелердің бірі көлге айналып, температурасы 50 градустан асатын ыстық судың ішінде 3 көлік қалып қойды. Бірақ абырой болғанда апаттан зардап шеккен адамдар жоқ.

Төтенше жағдай түскі 12 жарым кезінде Райымбек және Бөкейхан көшелерінің қиылысында болған. Көпірдің астынан өтіп жатқан ені 700 милиметрлік құбыр жарылып, ыстық су айналаға жайылып кеткен. Су ішінде бірнеше көлік қалып қойды. Солардың бірі — қала тұрғыны Максим Миляков. Оның көлігі су ортасына жеткенде сөніп қалған. Оны жолдың қарсы бағытындағы жүк көлігінің жүргізушісі құтқарыпты.

Максим Миляков, зардап шегуші:

Бәрі өте тез болды. Айналасы 15-20 минуттың ішінде судың деңгейі көтеріліп кетті. Мен көлігімнің аккумуляторын ағытуды ойлап жүргенде, шыға алмай тұрып қалдым. Ал ыстық суды кешіп өту мүмкін емес.

Мамандар суға батқан көліктерге келген шығын «Сақтандыру төлемдері» арқылы толық өтелетіндігін жеткізді. Оларды бағалау үшін арнайы комиссия құрылады.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Апаттың салдарынан суға батып қалған мына үш көліктен бөлек, бүгін осы аймақта 30-дан аса көпқабатты тұрғын үй, 95 жеке үй, 100-ден аса әлеуметтік нысан мен бір емхана ыстық сусыз қалған. Бірақ мамандар кешкі сағат 9-10-ға дейін апаттың салдарын толығымен жойып, ол нысандардың барлығын ыстық сумен қамтамасыз ететінін айтты.

Жауаптылардың сөзінше, бұл құбыр желісі 1971 жылы салынған. Жарты ғасырдан бері еш жаңартылмаған.

Әсет Масабаев, Қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы:

Мына жердегі жұмыс келесі жылға көрсетілген кезегімен. 2021 жылы бітуі керек болатын. Бұған дейін көктем мезгілінде, жаз мезгілінде сынау жұмыстары болған. Ол кезде құбыр шыдаған.

Қазір оқиға орнында 9 су сорғыш құралы мен 30-дан астам коммуналдық қызметкер жұмыс істеп жатыр. Полиция аймақты қоршауға алып, жолды жауып тастады. Ал мамандардың айтуынша, Алматыдағы жылу желілерінің 63 пайызы ескірген. Биыл тек 10 шақырымға созылған құбыр ауыстырылған.

Амангелді СЕЙІТХАН


Хабарламаларға жазылу