Жас жігітті өлтіріп, денесін аурухана дәлізіне тастап кеткен. Сұмдық оқиға Ақтөбе облысының Алға ауданында болды. Дәрігерлер бірден полицияға хабар берген. Күдіктілер ұсталды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Өңір жұртын елең еткізген оқиғаның мән-жайын Жақсыбек Кемал анықтады.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Пышақ жарақатын алған тұрғынды үш жігіт менің артымда тұрған есіктен кіргізіп, тастап кеткен. Дәрігерлердің айтуынша, оның денесі суып үлгеріпті. Оның нақты қай уақытта жан тапсырғаны енді сараптама қорытындысынан кейін белгілі болмақ.
Таңғы 04:30 шамасында қара көлікпен келген үшеу мәйітті аурухананың артқы есігінен кіргізіп, лезде тайып тұрған. Дәрігерлер көлік нөмірі мен маркасын қарап үлгермеген.
Ақмарал Ешекенов, Алға аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
Олар алып келген де, қабылдау бөліміне тастап кеткен, өздері шығып кеткен. Із-түзсіз. Енді бізде науқасты қарайды ғой, әкелген адамдарды емес. Пышақтап кеткен. Пышақ жүрекке тиген.
Бұл оқиғадан көп ұзамай полиция қызметкерлері Бестамақ ауылының маңынан қара түсті Lexus-ты тоқтатқан. Көліктегілердің әрекеті күдік тудырып, нәтижесінде олардың бірі жасаған қылмысын мойындаған.
Майя Асқарқызы, облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы:
Көлікті тексеру кезінде күдіктілердің бірі жанжал барысында зардап шегушіге пышақ жарақатын келтіргенін, оқиға орнында көз жұмғанын айтып, кінәсін мойындады. Ол полиция инспекторына кісі өлтіру құралы – пышақты берген.
Ал марқұмның әжесі немересінен айырылғанына әлі сене алар емес. Айтуынша, бір айдан соң 33 жасқа толатын Ерланның екі баласы бар. Ұзақ жыл вахталық әдіспен жұмыс істеп келген. Әйелімен ажырасса да, бұған дейін жаман әдеттерімен көзге түспеген.
Ермек Көртекова, марқұмның әжесі:
Соғыс жоқ, дым жоқ, ашық аспан астында, туған жерінде, бірге өскен бір ауылда сондай қатыгездік, жауыздық бола ма?! Неге өлтіреді? Босқа өліп кеткеніне өкініп отырмын.
Марқұмның туыстары кінәлілер лайықты жазасын алсын дейді. Қазір бұл оқиғаға байланысты «Қасақана адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынған.
Жақсыбек Кемал