Қарағанды облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің пилоттық жобасы сәтті жүзеге асуда. Ал 2020 жылдың қаңтар айында жаңа жүйе еліміздің барлық өңірлерінде жаппай қолданысқа енгізіледі. Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келіп, емдеу мекемелеріндегі жобаның жүзеге асу барысымен танысты. Ол үшін қазынадан 2,3 миллиард теңге бөлініп, өңірдегі медициналық оңалту қызметі, тұрғындарды профилактикалық тексеруден өткізу жұмыстары жақсартылған. Жүйені қолданысқа енгізудің үлгісі облыс басшыларының қатысуымен өткен жиында түсіндірілді.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Көп ауылдағылар білмейді. «Үкімет аман болсын, мені далада қалдырмайды ғой» ,- дейді де қояды. Бірақ қазіргі үкімет басқа үкімет қой. Біз соны түсіндіріп айтуымыз керек. Қазір баяғы заман емес қой. Барып тіркеліңіз. Тіркелмесеңіз болмайды деп түсідіру керек.
Үкімет басшысының орынбасары өңірдегі мобильді жұмыспен қамту қызметінің тәжірибесімен танысты. Бұл әдіс елімізде бірінші болып Қарағанды облысында қолға алынған болатын. Биыл өңірде 25 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылды. Жыл басынан бері облыста 30 700-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ