Үкіметтен қолдау болады – Алтай Көлгінов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкіметтен қолдау болады – Алтай Көлгінов

05.05.2023

Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік салада шешімін күткен өзекті мәселелер көп. Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов айтты. Алдымен, вице-премьер Теректі ауданына барып, тұрғындармен кездесті. Ауылдықтар кәсіп ашу, несие алу, атаулы әлеуметтік көмек, жер, жол, ауыз су сынды мәселелерді көтерді. Биыл өңірге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 %-бен несие беру үшін 6,4 млрд теңге қаржы бөлінген. Облыс орталығында Алтай Көлгінов жас кәсіпкерлермен жүздесті. Содан соң, қаражат тапшылығынан құрылысы тоқтап қалған аудандық емхананың жай-күйімен танысты. Әлеуметтік нысан құрылысына қаражат бөлінетін болды.

Қорытынды жиында қордаланған мәселелер қаузалды. Өңірде 17 мың азамат ресми жұмыссыз болып тіркелгенімен, 27 мың азаматтың бос жүргендігі анықталған. Аймақта 12 мектеп апатты жағдайда тұр, 9 мектеп үш ауысыммен жұмыс істейді.169 мектепте интернет жоқ.

Алтай Көлгінов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Алдымызға қойған мақсат - өңірдегі жетістіктерді емес, проблемаларды анықтау. Соның ішінде ең өзекті мәселелер - әлеуметтік салада. Біріншіден, жұмыспен қамту, жұмыссыз жүрген азаматтарға жұмыс тауып беру, мемлекеттік бағдарламаларды уақытылы және сапалы іске асыру. Өңір өсіп келе жатыр. Халық саны көбейіп жатыр. Қалада да өзекті мәселелер бар. Соларды біз жоспарға бекітіп, жұмысты атқарамыз. Үкіметтен қолдау болады. 

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу