Президент «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды

02.09.2019
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Үкімет осы жұмысты кешеуілдетпей келесі жылы бастауы тиіс. Мәселен, жоғары оқу орнын бітірген жастар бірден жұмысқа орналасулары керек. Себебі қазір түлектерге жұмыс тауып беру жағынан университеттердің жартысы 60 пайыздан аспай отыр. Бұл төмен көрсеткіш. Ал бұған қатысты оқу орындарының өкілдері не дейді?  
Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті — еліміздегі ең ірі оқу ордасы. Білім ұжымы бүгін Президенттің Жолдауын телеарнадан тыңдады. Мемлекет басшысы мамандарды даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалғандығын айтты. Ал аталған білім ордасының басшылығы кадрларға деген сұраныс сәт сайын өзгеретіндігін жеткізді.

Ғалымқайыр Мұтанов, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ ректоры:

Қазір елімізде қалыптасқан бір ұғым бар. Диплом алсақ әйтеуір барлығы шешіледі деп. Қазір өмір көрсетіп отырғандай, керісінше, диплом алған жас адам «маған жұмыс қайда» дейді. Сондықтан қазіргі жолдауда да айтылып өтті. Әсіресе, кәсіби техникалық бағытта мамандар жетпейді. Өздеріңіз көріп отырсыздар, қарап отырсыздар. Үлкен халықаралық үлкен компаниялар шеттен әкеліп жатыр сол мамандарды. Ал елімізде жұмыссыз жүрген жастар көп.

Білім берудің барлық деңгейінде дербес қаржыландыру тәртібін енгізу қажет. Бұл — Президенттің тағы бір тапсырмасы. Расында, қазір «Оқу орындарын қаржыландыру жүйесінің біркелкі болмауы - білім сапасына кедергі келтіріп отыр», - дейді ғалымдар.

Әлия Мысалимова, философия ғылымдарының докторы:

Жалпы білім беру саласында өзінің нәтижелерін біз бірден көре алмаймыз. Мысалы, заводта адам деген жұмыс жасаған кезде өнімді қолма-қол көреді. Ал білім беру саласында біз нәтижелерді уақыт келе көреміз.

Жолдауда айтылған маңызды мәселелердің бірі — елдегі еңбек ресурстарының балансын есепке алу ісінде тиімді әдістеме жоқ. Атап айтсақ, жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби әрі жоғары оқу орындарына түсе алмайды. Ал жастардың бұл тобы қылмыстық, экстремистік ағымдардың ықпалына түседі. Сондықтан, Мемлекет басшысы оқушылардың қарым-қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшу керектігін қадап айтты.

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу