Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет халыққа Жолдауын жариялады. Тоқаев қазіргі таңда қоғамда өзекті болып тұрған мәселелерді қозғап, оларды шешу бойынша жауапты мекемелерге тапсырма жүктеді.
Негізінен елдегі экономикалық жағдайды жақсарту бойынша бірқатар қадамдар мен қараша халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды бастамаларға басымдық берді. Мәселен, көпшілікті алаңдатқан қосымша 5 пайыздық зейнетақы жарнасы 4 жылға кейін шегерілді. Шағын бизнеске 3 жылға салықтық жеңілдік берілді. Сондай-ақ, саяси өзгерістер де бұл үдерістен қалып қоймауы керектігін ескертті. Ол үшін қоғам мен билік арасындағы екіжақты байланысты күшейту керек.
Енді әкімдердің жұмысына жергілікті жұртшылық бағасын береді. Халықтың 30 пайызының көңілі толмаса, шенділер орнын босатуы мүмкін. Ал 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметкерлердің саны 25 пайызға қысқармақ. Бұдан бөлек, Президент алдағы уақытта митингтер туралы заңды жетілдіру керектігін де айтты. «Конституцияға сәйкес, азаматтарымыз өз ойын еркін білдіру құқығына ие. Егер ондай акциялар заңға қайшы болмаса және азаматтардың тыныштығын бұзбаса, заңнамада көрсетілген тәртіп бойынша митинг өткізуге рұқсат берілуі тиіс. Ол үшін арнайы орын бөлу қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ, Парламентке зорлық-зомбылық, педофилия сынды ауыр қылмыстарға қатысты жазаны қатаңдату туралы тапсырма берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз гуманизацияға қатты мән беріп кетіп, азаматтардың негізгі құқықтарын ұмыта бастадық. Бізге есірткі бизнесі, педофилия, жыныстық зорлық-зомбылық және жеке тұлғаға қарсы жасалатын басқа да ауыр қылмыстарға қатысты жазалау шараларын қатаңдату қажет. Әсіресе, балаларға қарсы жасалған қылмыстарға қатысты. Бұл жұмысты Парламент пен Үкіметке тапсырамын.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ