«Жүрсіннің жүйріктері». Маржан Есжанова мен Дидар Қамиевтің айтысы (3-бөлім) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жүрсіннің жүйріктері». Маржан Есжанова мен Дидар Қамиевтің айтысы (3-бөлім)

18.03.2018
«Жүрсіннің жүйріктері». Маржан Есжанова мен Дидар Қамиевтің айтысы (3-бөлім)

Бүгін Ұлттық арна эфирінде «Жүрсіннің жүйріктері» атты айтыс жобасының үшінші бөлімі өтті. Бұл айтыстың бұрынғы айтыстардан ерекшелігі – аға буын мен жастар сөз додасына түседі.

Ақындардың өнеріне баға беретін қазылар алқасының мүшелері – ҚР Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, ҚР Халық әртісі Асанәлі Әшімов, профессор Намазалы Омаш, ҚР Халық ақыны Әсия Беркенова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман.

«Жүрсіннің жүйріктері» қатысатын аламанның кезекті жұбы ретінде Қарағанды облысының тумасы Дидар Қамиев пен Оңтүстік Қазақстан облысынан келген айтыскер ақын Маржан Есжанова шықты.

Айтыскерлер алғашқы кезеңде «Қош келдің әз Наурыз!» тақырыбында айтысты. Қазылар тарапы бірінші бөлімде Наурыз тақырыбын әдемі жырлаған жұптан үздігін анықтай алмай, екі ақынға да 40 ұпайдан қойды. Алғашқы бөлімге қатысты пікір білдірген Алтынбек Қоразбаев Дидар Қамиевке өзінің ренішін де айта кетті. Бөлімнің басында Дидар Қамиевтің «қолтықтап қу ағашты мен де келдім» деген сөзіне тоқталған Халық әртісі домбыраны қу ағашқа теңемеуін сұрады.

Ал, екінші кезеңде айтыс «Жаңа жыл – Наурыз!» тақырыбы бойынша өтті. Профессор Намазалы Омаш Дидар Қамиевтің бірінші қайырымда тапқан әдісі өте сәтті және оның формасы да, сөзі де өте шымыр шыққанын, сол себепті оған 10 ұпай бергенін айтты. Ақындарға баға беру нәтижесі бойынша Дидар Қамиев 2 ұпайға басым түсіп, келесі кезеңге өтті.

Айта кетейік, «Жүрсіннің жүйріктері» жобасы Ұлттық арнада әр апта жексенбі күні сағат 21:00-де көрсетіледі.

Хабарламаларға жазылу