25.03.2018. Жүрсіннің жүйріктері. Анар Жаппарқұлова мен Мақсат Ахановтың айтысы (4-бөлім) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

25.03.2018. Жүрсіннің жүйріктері. Анар Жаппарқұлова мен Мақсат Ахановтың айтысы (4-бөлім)

25.03.2018

Бүгін Ұлттық арна эфирінде «Жүрсіннің жүйріктері» атты айтыс жобасының төртінші бөлімі өтті. Бұл айтыстың бұрынғы айтыстардан ерекшелігі – аға буын мен жастар сөз додасына түседі. Ақындардың өнеріне баға беретін қазылар алқасының мүшелері – ҚР Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, ҚР Халық әртісі Асанәлі Әшімов, профессор Намазалы Омаш, ҚР Халық ақыны Әсия Беркенова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман.

«Жүрсіннің жүйріктері» қатысатын аламанның кезекті жұбы ретінде Оңтүстік Қазақстан облысынан келген айтыскер ақын Анар Жаппарқұлова мен қарағандылық Мақсат Аханов шықты.

Алғашқы кезеңде айтыскерлер арасында «Қыз бен жігіт айтысы» болды. Қазылар тарапы бірінші бөлімде Мақсаттың басымырақ болғандығын атап өтіп, барлығы 10 ұпайдан қойды. Алғашқы бөлімге қатысты пікір білдірген ҚР Халық ақыны Әсия Беркенова мәнері мен мәдениеті жарасқан жақсы айтыс болғандығын атап өтті.

Ал, екінші бөлімде ақындардың бірі доллар, бірі теңге болып айтысты. Профессор Намазалы Омаш «Анардың долларың қанша бағалы болсада, менің мыж-мыж болған теңгем артық дегені бәріміздің рухымызды көтерді», - деген ойын білдірсе, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман екі ақынның биік деңгейде өнер көрсеткендігін жеткізді. Ақындарға баға беру нәтижесі бойынша Мақсат Аханов 1 ұпайға басым түсіп, келесі кезеңге өтті.

Айта кетейік, «Жүрсіннің жүйріктері» жобасы Ұлттық арнада әр апта жексенбі күні сағат 21:00-де көрсетіледі.

Хабарламаларға жазылу