04.03.2018. Жүрсіннің жүйріктері. Серік Қалиев пен Еркебұлан Қайназардың айтысы (1-бөлім) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

04.03.2018. Жүрсіннің жүйріктері. Серік Қалиев пен Еркебұлан Қайназардың айтысы (1-бөлім)

04.03.2018

Бүгінгі Ұлттық арна эфирінде «Жүрсіннің жүйріктері» атты айтыс жобасы басталды. Бұл айтыстың бұрынғы айтыстардан ерекшелігі – аға буын мен жастар сөз додасына түседі.

Жоба екі кезеңнен тұрады. Алғашқы бөлім арнайы тақырып болса, екінші бөлім – «Егер де мен..» деп аталады. Бұл бөлімде ақындар жасырын тақырып бойынша айтысады.

Ақындардың өнеріне баға беретін қазылар алқасының мүшелері - ҚР Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, ҚР Халық әртісі Асанәлі Әшімов, профессор Намазалы Омаш, ҚР Халық ақыны Әсия Беркенова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман.

«Жүрсіннің жүйріктері» жобасының алғашқы бөлімін аға буын өкілі, Шығыс Қазақстан облысының тумасы Серік Қалиев пен Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы Еркебұлан Қайназардан құралған жұп бастады.

Алғашқы кезеңде ақындар «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» тақырыбы бойынша айтысты. Қазылар «алғашқы бөлімде ақындар сылбыр бастап, сылбыр аяқтады» деген пікір білдіргенімен, Серік Қалиевке басымдық берді. Ал, екінші кезеңде айтыс «Астана-Алматы» тақырыбы бойынша өтті.

ҚР Халық ақыны Әсия Беркенова бірінші бөлімге қарағанда екінші бөлімнің айтысы жақсы жүргенін айтса, ҚР Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев ақындардың өнері көңілінен шыққанын және екі ақынға бір баға беретінін жеткізді. Нәтижесінде аға буын өкілі Серік Қалиев бұл жұптың жеңімпазы болып танылды.

Айта кетейік, «Жүрсіннің жүйріктері» жобасы Ұлттық арнада әр апта жексенбі күні сағат 21:00-де көрсетіледі.

Хабарламаларға жазылу