Ұлттық арнаның Ақпараттық сараптамалық бағдарламалар дирекциясы жылды қорытындылаған жиын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арнаның Ақпараттық сараптамалық бағдарламалар дирекциясы жылды қорытындылаған жиын өткізді

25.12.2017
Ұлттық арнаның Ақпараттық сараптамалық бағдарламалар дирекциясы жылды қорытындылаған жиын өткізді

Бүгін «Qazaqstan» Ұлттық арнасының Ақпараттық сараптамалық бағдарламалар дирекциясы жылды қорытындылаған жиын өткізді. Шараға «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Қарин  және телеарна қызметкерлері қатысты.

Жиын барысында Ақпараттық сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры Ерлан Атамбай биыл атқарылған негізгі жұмыстарға тоқталды:

«Биылғы еліміз үшін ең маңызды шара ол – EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі болды. Бұл шараның ашылу салтанатын сәтті өткізген соң, келесі күні 8 сағат бойы тікелей шығарылым жасадық.  Жалпы, барлық бағдарламаларымыз сәтті шығып жатыр. Жаңа маусымнан бастап көрерменге жол тартқан жобаларды халық жақсы қабылдады.  Әсіресе , «Елден хабар», «Мәселе» бағдарламаларын ерекше атап өткен жөн.

Осы күнге дейін «Мәселенің» 33 хабары эфирге шықты, оның 13-ін тікелей эфирде жасадық. «1  студия» саяси ток-шоуының 29 саны шықты, оның да 13-і тікелей эфирде жүргізілді. «Журналистік зерттеудің» 42 саны эфирге жол тартты.

Тағы бір айта кететін маңызды жобалардың бірі - «Басты тақырып». Наурыз айынан бері эфирге тікелей шығып келе жатқан хабардың бүгінге дейін 133 саны көрерменмен қауышты. Бұл бағдарламаның негізгі ерекшелігі сол, бағдарлама бұрын-соңды таныла қоймаған жас сарапшылардың көрінуіне жол ашты.

Жыл  қорытындысы ретінде 16 желтоқсан күні Тәуелсіздіктің 26 жылын қамтып, 1 сағат 45 минуттық тікелей эфирде арнайы хабар жасадық. Жалпы, барлық бағдарламаларымыз бүгінде көрерменге жақсы таныс»,-деді ол.

Басқарма Төрағасы Ерлан Қарин Ақпараттық сараптамалық бағдарламалар дирекциясы корпорацияның қандай шарасы болмасын алдыңғы шебінде жүрген бірден бір ұжым екенін атап өтті.

«Биыл біз талай шаруа атқардық. Қандай іс-шара болса да негізгі салмақ сіздерге түсіп отырды. Бірақ, оның бәрін абыроймен атқара білдіңіздер. Сол үшін мың алғыс», деді Ерлан Қарин.

Жиын соңында бірқатар қызметкерлер Алғыс хаттармен марапатталды.

Хабарламаларға жазылу