Мемлекет басшысы бір топ журналиске арнайы сыйлық пен грант табыстады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы бір топ журналиске арнайы сыйлық пен грант табыстады

27.06.2023

Ертең елімізде Бұқаралық Ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. Кәсіби мереке қарсаңында бүгін Мемлекет басшысы бір топ журналистерге арнайы сыйлық пен грант табыстады. Салтанатты жиын барысында Президент медиа мамандары халыққа шынайы ақпарат беріп, еліміздегі ахуалды азаматтарға жан-жақты түсіндіріп отыруы керек екенін атап өтті.

Әдетте Президент саясаткерлермен, елшілермен кездесетін Ақорданың мәрмәр залында бүгін журналистер қауымы мәртебелі қонақ болды. Қасым-Жомарт Тоқаев отандық медиа жаңа кезеңге қадам басқанын атап өтті. Қалам ұстаған қауым жеке басының немесе бір топтың емес, елдің мәселесін көтеретініне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл – өткен ғасырда «Қазақ» газетінің аясында ұйысқан Алаш зиялыларынан бастау алған ұлы миссия. Осы міндетті абыроймен атқару үшін әр журналистің бойында ізденімпаздық, жауапкершілік және табандылық болуы қажет. Себебі ақиқат жолы – оңай жол емес. Ал журналистің ақиқаттан айнуға құқығы жоқ. Шындық пен шынайылық басты қағида болуы керек. Яғни, ақпарат арнасы адалдық алаңына айналуға тиіс.

Президенттің пікірінше, мемлекет, медиа және қоғам арасындағы келісім Әділетті Қазақстанның берік іргетасына айналуға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл келісім ашықтық, сенім және адалдық қағидаларына негізделуі қажет. Әр азамат, әр маман өз ісіне адал болса, қоғамның сенімі артады. Ал сенім мен адалдық – әділетті қоғамның басты құндылықтары. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық сананы жаңғыртып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруда басты рөл атқаруы қажет.

Мемлекет басшысы бүгінде отандық журналистиканың елдегі және әлемдегі жағдайларға өзіндік көзқарасы бар екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мысалы, жуырда Ресейде болған оқиғаны жариялап көрсету барысында осылай болды. Азаматтарымыз бұл бүлік әрекетін алаңдаушылықпен қабылдағаны рас. Ол түсінікті. Өйткені Қазақстан мен Ресей арасын әлемдегі ең ұзын шекара бөліп жатыр. Біз бірыңғай экономикалық кеңістікте орналасқанбыз. Екі елді мыңдаған гуманитарлық байланыстар мен қатынастар біріктіреді.

Биыл Президент грантын иеленгендердің бірі Ұлттық арнаның журналисі Саламат Омаш. Қызметін отандық телеарналардың бірінде тілші болып бастаған ол бүгінде ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары.

Саламат Омаш, «Qazaqstan» телеарнасы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары:

Сонымен қатар Мемлекет басшысының сыйлығын телеарна журналисті Ирина Советжанқызы, Казахстанская правда газетінің тілшісі Галина Вологодская және «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан иеленді.

Абай Балажан, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы:

Сондай-ақ бірнеше ұжымға алғыс хат табысталды. Қасым-Жомарт Тоқаев жиын соңында тілшілердің жазған мақаласынан, дайындаған репортажынан кейін өзекті мәселелер жедел түрде шешімін тауып жататындығын айтты. Ондай тілшілерді Адал азаматтар десек, артық болмайды деп атап өтті.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу