Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен облыстық соттың төрағасы Мұрағали Әкетай құқықтық дауларды реттеу үшін татуластыру рәсімі институтын дамыту мәселелері бойынша өткен кеңес барысында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Қазіргі күні татуластыру рәсімі мен дауларды шешудің балама жолдарын кеңінен қолдану және оны түсіндіруге ерекше назар аударылып отыр. Өңірде осы бағытта тұрақты түрде мақсатты және жүйелі жұмыстар жүргізіліп, оң нәтижелерге қол жеткізілуде.
«Адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдірудің басым бағыттарының бірі – татуластыру рәсімі және дауларды сотқа дейінгі шешудің балама жолдары, соның ішінде медиация институтын қолдану. Оның ерекшелігі – тараптардың барлық мәселені сот процесіне дейін шеше алатындығында.
Ең алдымен, соттардың жұмысы жеңілдейді, сондай-ақ, заңды және жеке тұлғаларға мемлекеттік баж сомасы қайтарылады»,-деп атап өтті өңір басшысы.
Оның айтуынша, қазіргі таңда облыс аудандарының әкімдіктерінде медиация кабинеттері ашылып жатыр. Мәселен, қаладағы медиация орталығы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында ашылды.
Жыл басынан бері татуластыру рәсімін қолдану нәтижесінде 724 азаматтық іс аяқталды, оның 509-ы келісімге келу арқылы шешілді, 190 іс бойынша тараптар медиацияға жүгінді, жеке және заңды тұлғаларға 72 миллион теңге көлемінде мемлекеттік баж қайтарылды.
Алдағы уақытта әрбір ауданда ашылатын медиация кабинеттері тұрғындарға тұрғылықты мекеннен шықпай-ақ, дауды шешу және ымыраға қол жеткізу мақсатында кәсіби емес медиаторларға жүгінуге мүмкіндік береді.
Әкімдіктер жанындағы медиация кабинеттері, сондай-ақ, азаматтарды сот және көлік шығындарынан босатады. Өйткені, міндетті мемлекеттік бажды және өкілдердің қызметін төлеу қажеттілігі болмайды.