Қазақстанда геологиялық барлау құқығын алу рәсімдері жеңілдетілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда геологиялық барлау құқығын алу рәсімдері жеңілдетілуде

15.06.2016
Қазақстанда геологиялық барлау құқығын алу рәсімдері жеңілдетілуде

ҚР Үкіметі геологиялық барлау құқығын алу рәсімдерін жеңілдетуде. Бұл туралы бүгiн елордада «Astana Mining & Metallurgy 2016» VII Халықаралық Тау-кен және металлургия конгрессі барысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлiм еттi.

Оның сөзіне қарағанда, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының халықаралық сарапшыларымен бірге «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексті әзірлеу жүгізілуде. Кодекстің негізгі мақсаты - халықаралық стандарттарға көшу.

«Бұл тұрғыда біз геологиялық барлауға жеңілдетілген құқықты ұсыну ұстанымы бойынша батыс Австралияның моделін таңдадық»,-деп тоқталды Ә. Исекешев.

Осы орайда биыл қанатқақты режім іске қосылды. Бұл бағытта Степногор моноқаласының айналасындағы 100 шақырымды аймақ таңдалды.

Геологиялық барлауды бастауға ниеттілер үшін барлау жұмыстарына  келісімшартты бекіту мерзімі екі жылдан 25 күнге дейін қысқаруда, сондай-ақ жер қойнауының учаскелері 2 шақырымға тең блоктарға бөлінеді. Биылдың бірінші тоқсанында 25 блок бойынша 11 келісімшарт бекітілген көрінеді. Министрдің пайымынша, осы қадамдар бюджетке қосымша салық түсімдерін қамтамасыз етіп, моноқаланың маңында жаңа жұмыс орындарын құрады.

«Биылдың соңына дейін Шығыс Қазақстан облысында, Арқалық, Жезқазғанда бірқатар қанатқақты жобаларды жоспарлап отырмыз. Яғни, біз арнайы моноқалаларға, ауылдың жерлерге кірістік. Алдағы үш жылда Қазақстанда қызметтік компаниялар нарығын екі есеге арттыруды көздеп отырмыз», - деді Ә. Исекешев.

Хабарламаларға жазылу