Жазушы Олжас Сүлейменов 80 жасқа толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жазушы Олжас Сүлейменов 80 жасқа толды

18.05.2016
Жазушы Олжас Сүлейменов 80 жасқа толды

80 жыл бұрын (1936) Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі, ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, ядрорлық сынаққа қарсы «Семей-Невада» қозғалысының, Халық конгресі партиясының көшбасшысы, Қазақ КСР-інің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан комсомолы, БЛКЖО сыйлығының лауреаты, Татарстан Республикасының Ш.Маржани атындағы Тарих институтының құрметті докторы Олжас Сүлейменов дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің география факультетін бітіріп, М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқыған. «Казахстанская правда» газеті редакциясының бөлім меңгерушісі, «Қазақфильм» киностудиясы сценарий-редакциялық алқасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ КСР Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы, ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстанның Италиядағы Төтенше және өкілетті Елшісі қызметтерін атқарған.

Өлеңдері мен поэмаларының алғашқы жинағы 1961 жылы «Арғымақтар» деген атпен жарық көрген. Оның сценарийі бойынша «Атамекен», «Көгілдір маршрут», «Қыс - қолайсыз маусым», т.б. фильмдер түсірілген. «Аз и Я», «Жазу тілі» атты тіл біліміне қатысты зерттеулері, «Нұрлы түндер», «Мешін жылы», «Көңіл көкжиегі», «Әр күн - арайлы таң», «Ақ дария аспаны», «Жұмыр жұлдыз», «Шапағатты шақ», «Атамекен», т.б. жинақтары шыққан.

І дәрежелі «Барыс», Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», Қазан революциясы орден, медальдармен марапатталған.

 

Хабарламаларға жазылу