Жеңіс күні қарсаңында Ресейдің Түмен облысындағы Қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясының президенті Есенғали Ибраев Сібірде тұрып жатқан қарт майдангер, 111 жастағы Қапкен Сүлейменовтің үйіне барды.
Автономия басшысы ардагерді құттықтай келе, Түмен қазақтары даңқты жерлестерінің майдан және еңбек жолындағы жанқиярлық еңбегін жоғары бағалайтындығын, халық пен елге қызмет етудің жарқын үлгісі ретінде мақтан тұтатындығын атап өтті. Айта кетерлігі, пулеметші Қапкен Сүлейменов 1941-1945 жылдары аралығында қан майданда ерлікпен соғысса, бейбіт өмірде 30 жыл бойы кеңшардың малын баққан еді.
Бүгінде қарт майдангер Түмен облысының Омутинск ауданына қарасты Русакова ауылында 75 жастағы қызы Мағайшаның қолында тұрып жатыр. Жылжып өткен жылдар оның есте сақтау қабілетіне нұсқан келтірген. Ақсақал ауыл тұрғындарының басым көпшілігін тани бермейді. Алайда, Русаковаға үнемі келіп тұратын қазақ автономиясының жетекшісі Есенғали Ибраевты жақын туысы ретінде таниды. Қапкен ата қонақтарын зор қуанышпен қарсы алып, құрмет көрсетіп, сыйлық бергендері үшін алғысын білдіре келе облыстағы қазақтардың тыныс-тіршілігін сұрап білді. Жалпы, ақсақал күн сайын Қазақстан телеарналарындағы бағдарламаларды тамашалайды, әсіресе, айтысты, домбыра үнін естігенді жақсы көреді. Сол үшін антенна табақшасын да орнатқызып алған. Алайда, өкінішке орай жыл сайын құлақ естуі нашарлап барады. Тіпті, кейінгі кезде есту аппаратының да пайдасы болмай тұр. Бірақ, қазақ қартының қолы қарулы, кезінде батырларға тән күштің иесі болғаны байқалады. Қызы Мағайша да әкесінің ертеректе аттың үстінде отырып, бір қолымен астық толы қапты алдына еркін өңгеріп алатындығын айтады.
Қапкен Сүлейменов 1904 жылы 15 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысының Пресновск ауданына қарасты Баян ауылында болыс билеушісінің отбасына дүниеге келген еді. Ұжымдастыру жылдарында әкесі жер аударылып кете барған. Голощекиннің солақай саясатынан туындаған ашаршылық жылдары отбасы Түмен облысының аумағына көшіп келіп осы жерге қоныстанып қалған. Қапкен Сүлейменов екінші Украина майданы құрамында соғысып, Венгрия, Чехославакия, Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысты. Ол кезекті шайқас барысында ауыр жарақаттанып, Будапешт түбіндегі госпитальде жатқан кезінде Жеңіске жеткендерін естіді.
Бұл күндері қазақтың ұзақ жасаған қарт майдангеріне ауылдық, аудандық және облыстық билік өкілдері, мектеп оқушылары құрмет көрсетуде.