Алматының әкімі Бауыржан Байбек стритболдан өтетін чемпионатты ашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматының әкімі Бауыржан Байбек стритболдан өтетін чемпионатты ашты

17.04.2016
Алматының әкімі Бауыржан Байбек стритболдан өтетін чемпионатты ашты

Жексенбілік веложарысқа қала әкімімен бірге оның орынбасарлары, қалалық мәслихат депутаттары, жоғарғы оқу орындары мен велоқоғамдастық өкілдері және өзге де азаматтар қатысты, деп хабарлады қала әкімдігінің сайты.

18 километрге созылған веложарыс «Нұрлы тау» бизнес-орталығынан басталып, кешкі 9-00-де «Прайм-Плаза» ойын-сауық орталығында мәресіне жетті.

Веложарыс аяқталған соң, тұрғын үйдің шатырында Бауыржан Байбек стритболдан қалалық чемпионаттың ашылу рәсімін жасады.

«Барлықтарыңызды стритболдан өтетін жаңа маусымның ашылуымен құттықтаймын. Бүгінде аталмыш спорт түрінің әлем бойынша ерекше танымал екендігін барлықтарыңыз білесіздер. Меніңше ол Алматы жастарының арасында да жақсы дамитын болады. Өйткені, біздің жастарымыз өте талантты және спортты жан-тәндерімен сүйеді»,-деді Б.Байбек.

Турнирге қаланың түрлі аудандарынан 32 команда тіркелді. Айта кететін мәселе - стритболдан жарыстар қаланың 8 ауданында демалыс күндері түрлі спорт алаңдарында өтеді. Жеңімпаздар биылғы жылдың күзінде белгілі болады.  

Айта кетейік, 10 сәуір күні Алматыдағы веломаусымды Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ашты. Оған 3 мыңға жуық адам қатысты. Сонымен қатар, «Спорттық алматы» бұқаралық спортты дамыту бағдарламасының аясында биылғы жылы қалада 6 веложарыс өтеді. Сондай-ақ, 6-мамыр күні түнгі веложарыс өтеді.

Осыған дейін Алматы әкімі қала тұрғындарына көліктерін тастап, велосипедке көшу қажеттігін айтқан болатын. Содан бері Бауыржан Байбек көптеген велошаралардың бастамашысына айналды.

Естеріңізге сала кетейік, жыл сайынғы веложарыстар дәстүрін Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімов енгізген болатын. 

Хабарламаларға жазылу