Қарашаның 13-15 аралығында Астана қаласы маңындағы Қоянды ауылы аумағында белгілі бүркітші Күнтуған Тоқтыбайұлын еске алуға арналған бүркітшілердің республикалық турнирі және Астана қаласының ашық біріншілігі өтті.
Аталмыш жарыс халық арасында ұлттық спорт түрлерін кеңінен тарату, бүркітшілер арасында тәжірибе алмасу және спорттық шеберлігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, сондай-ақ, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, Астана қаласының Дене тәрбиесі және спорт басқармасының мұрындық болуымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Ұлттық спорт түрлері қауымдастығынан.
Додаға еліміздің 9 облысынан және Астана қаласынан 18 бүркітші қатысты. Сайыс бүркітті қолға шақыру, шырға салу, аң қақтыру сияқты 3 түрі бойынша өтті.
Сайыс қортындысы бойынша бірінші орынды Тараз құсбегілері, екінші орынды Астана бүркітшілері, үшінші орынды Павлодардың саятшылары бөлісті. Үздік шыққандар дипломдармен және медальдармен марапатталып, оларға ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы тарапынан ақшалай сыйлықтар берілді.