Бүгін - отандық футболдың сайыпқыраны Сейілдә Байшақовтың 65 жылдық мерейтойы. Дүбірлі доп додаларында көзге түсе білген ол барша футболсүйер қауымның есінде.
Бала Сейілдәның футболдағы алғашқы қадамы аулада доп тебуден басталды. Әкесі Икрам ұлының допқа деген құштарлығын сезіп, бірден футбол үйірмесіне береді.
«1971 жылдан бастап, «Қайраттың» сапында болдым. 1977 жылы КСРО Ұлттық құрамасының бас бапкері Никита Симонян ойынымды көріп, «Қайраттың» сол кездегі жаттықтырушылары Тимур Сегізбаев және Валерий Каменскийдің ұсынысымен Ұлттық құрамаға шақырды», дейді футболшының өзі.
Сейілдә Байшақов - КСРО құрамасында доп тепкен тұңғыш қазақ баласы ретінде тарихта қалды. Ол 1978 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу кезінде Венгрия мен Грекияға қарсы қос ойын өткізді.
1971 жылы «Қайрат» тұңғыш рет теміржолшылар Кубогын жеңіп алды. Сол жылы Сейілдә Байшақовқа «спорт шебері» атағы берілді.
Сейілдә Байшақов «Қайратта» өткізген 10 жыл ішінде 296 ойын өткізіп, қарсыластар қақпасына 11 гол соққан. Талай жыл команда капитаны болды.
Бүгінде Қазақстан футбол федерациясы президентінің орынбасары қызметінде. Толығырақ «Таңшолпаннан» көре аласыздар.