Ақтауда өткен «Bala Turkvizyon» халықаралық балалар әні байқауында Форт-Шевченко қаласының тұрғыны Аружан Сағынғалиева топ жарды. Енді ол Астанада өтетін финалға Маңғыстау облысы атынан қатысады.
Аружан - 11 жаста. Вокалмен айналысқанына 3 жыл болған. Соңғы бір жыл бойы ұстазы Аида Байгеловадан М.Өскінбаев атындағы филармонияда кәсіби вокалдан сабақ алуда.
Кастингті Кәмшат Жолдыбаева, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова және «КешYou» тобының мүшесі Жұлдыз өткізді. Іріктеуге Маңғыстау облысының түкпір-түкпірінен 8-13 жас аралығындағы 100-ден астам бала қатысқан.
Айта кетейік, «Bala Turkvizyon» халықаралық балалар әні байқауының Атырау облысындағы Ұлттық іріктеуі 15 шілде күні Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайында өтеді.
ҚазАқпарат