Брюссельде Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды
Брюссельде Дүниежүзілік туризм форумы ашылды. Жаһанның 70 мемлекетінің өкілдері жиналған шараға Қазақстандық делегация да қатысып жатыр. Еліміздің Бельгиядағы елшілігінің қолдауымен форумда Қазақстан стенді қойылып, шетелдіктерге елдің туристік әлеуеті таныстырылды. Халықаралық туристік агенттіктер отандық компаниялармен ынтымақты арттыруға ынталы.
Туризм - толағай табыс көзі. Форумға жиналған 70-тен астам мемлекет өкілінің көздегені шетелден турист тартып, мол табысқа кенелу. Апорт пен қызғалдақтың Отанын, жылқы малы алғаш қолға үйретілген Қазақстанды көруге былтыр 15 млннан астам турист келген. Олардан ел экономикасына 1,2 триллион теңге пайда түскен. Сала мамандары биыл бұл көрсеткішті еселеуден үмітті.
Асқар Төлеутай, Алматы туризм бюросының өкілі:
Қазіргі уақытта біздің ең басты бағыттарымыздың бірі ол маркетингті ілгерілету, сосын іскерлік туризмді де ілгерілетіп жатырмыз. Алматы қаласында 9 информациялық пункт бар. Әр шетелдік турист келіп, қандай ақпарат керек болса, сұраса болады.Форумда көпшілік Қазақстан стендін, шағын киіз үйді тамашалап, ұлттық бұйымдардың тарихымен, елдің туристік әлеуетімен танысты. Шетелдіктерді Швейцарияны шаң қаптыратын Шарын шатқалы, Көлсай көлі мен Көкшедегі Бурабайдың көркі қызықтырып отыр. Меймандар қазақтың бауырсағы мен шоколадынан дәм татып, аспаздық өнердің қыр-сырына қанықты.
Люксон Замбуко, Африка туризм қауымдастығының жетекшісі:
Мына нанның дәмі тіл үйіреді. Бізде де осыған ұқсас тағам бар. Біз, африкалықтар, Қазақстанның бай мұрасына, керемет дәстүріне, гастраномиясына тамсанамыз. Бұл туралы БАҚ жиі айтылады. Жақында Зимбабве мен Қазақстан туризмді дамыту бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік.Мелвин Брун, Германияның «Travelnet» компаниясының теңқұрылтайшысы:
Бүгін Қазақстан туралы танымым кеңейді. Елдеріңіздегі тұмса табиғатты, таңғажайып ландшафтты көру, мәдениеттеріңізбен танысу арманым. Болашақта сапарлаймын.Шетелдіктер тарихы терең, мәдени мұрасы бай қазақ еліне саяхаттауға ынтық. Екі күнге созылатын шарада еліміздің Бельгиядағы елшілігі мен Алматы туризм өкілдері Қазақстанның туристік әлеуетін таныстыруды жалғастырып, шетелдік әріптестерімен өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қоймақ.