Көмірді газға айналдыруға бола ма?
Жылу маусымы солтүстікте басталып кетті. Бірақ ел бойынша бірнеше аймақ дайын емес. Бұл ақпарды «AMANAT» партиясының депутаттары хабарлады. «4 энергоблок, 32 қазандық, 19 турбина жөнделіп жатыр, дайын емес», - деген партия ішінде болған жиналыста депутат Берік Бейсенғалиев.
Нақты қай жердегі энергоблоктар екенін айтпағандары «қызық». Жалпы, еліміздегі ЖЭО-ның 76 пайызының жұмыс істеп тұрғанына 50 жылдан асқан. Жылу желілерінің 52 пайызы тозған. Ал Арқалықта - 70 пайыз. Жөндеуге 750 млн теңге сұралған, мердігер жұмысты бастаған. Бірақ қаржы әлі түспеген. Ақмола облысындағы Степногорскідегі ЖЭО-да да жөндеу жүріп жатыр.
Ал отын жете ме? Маусымға 7,4 млн тонна көмір керек. 5 млн тоннасы жиналған. Бағасы да алаңдатады. Алыс аймақтарда сапасы нашар көмірдің тоннасы - 30–35 мың теңге.
Дегенмен үкімет жылу маусымына дайындық штаттық режимде деп ойлайды. «Жөндеудің 95 пайызы аяқталды», - деген Энергетика министрінің орынбасары С. Есімханов.
Күн суығанда бүтін бір қала қалшылдап тоңатын оқиғалар жыл сайын дерлік болады. Былтыр Қарағанды облысындағы Саран қаласында жылу берілмей, әкімі қызметтен босатылған.
Осы бізде қанша адам көмірмен жылынады? Жаңа саяси маусымда Мемлекет басшысы көмірдің маңызын кемітпеу туралы, бұл орайда АҚШ президентімен келісетінін айтқан. Ал Д. Трамп: «Мен көмірді жақсы көремін», - деген. Сонда қалпына келетін энергия көздерін дамыту стратегиясы не болады? Климаттық саммиттер шынымен алаяқтық па? Сүзгілер қойылса, көмірдің зияны қоршаған ортаға айтарлықтай азая ма? Ол қондырғылар қанша тұрады? Данияр Қайыртайдың сараптамасы.