Басты Жаңалықтар Сан-Францисконың қақ ортасына қазақтар киіз үй тікті

Сан-Францисконың қақ ортасына қазақтар киіз үй тікті

Сан-Францисконың қақ ортасына қазақтың киіз үйі тігілді. Бұл – АҚШ-тағы Түркі тілдес халықтардың мәдени фестивалі аясында алғаш рет ұйымдастырылған ерекше шара. Екі күн бойы мыңдаған адам киіз үйге кіріп, қазақтың қонақжай мәдениетімен танысты.

Қазақтың кәдімгі құрты – америкалықтар үшін таңсық дәм. Қаланың туристік алаңында тігілген киіз үйдің алдында ұсынылған бұл дәм олар үшін есте қаларлық сәтке айналды. Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан секілді елдер де өз мәдениетін паш еткен шарада ерекше көзге түскені – қазақтың асы болды.

Лиза Дэвис, қала тұрғыны:

Киіз үйдің ішіне кірген қызық екен. Кэмпингке ұқсаттым. Мен кэмпингке барғанды жақсы көремін.

Саркан Дэвис, қала тұрғыны:

Киіз үйдің ішінде ұйықтау керемет болар еді деп ойлаймын. Дала қараңғы болғанда, жұлдыздарды көріп жатасың.

Аймақ тұрғындарының қызығушылығын оятқан бұл киіз үй – Кремний алқабындағы қазақ диаспорасының бастамасы. Олар ұлттық құндылықтарды танытуда белсенді атсалысып келеді.

Назира Нұрбаева, ҚР Сан-Франциско қаласындағы бас консулы:

Мұндай шаралар шеттегі қандастарымыздың рухын көтеріп қана қоймайды, жергілікті Сан-Франциско қаласының тұрғындары және де көріп тұрсыздар, Сан-Францискоға келген бүкіл әлемнің қонақтары қатысып, осы жұртшылыққа біздің түркі әлемін жақынырақ таныстыру болады.

Фестивальде қонақтар қариялардан бата алып, күй тыңдап, ұлттық биді тамашалады. Қуырылған бауырсақтар әп-сәтте таусылып, киіз үйдің іші естен кетпес әсерге толды. Осылайша Сан-Франциско тұрғындары көшпенділер мәдениетіне бір табан жақындап қайтты.


Бөлісу