Басты Жаңалықтар ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Нью-Йоркте бірқатар кездесулер өткізді

ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Нью-Йоркте бірқатар кездесулер өткізді

Нью-Йоркте ресми сапармен жүрген Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу еліміз үшін маңызды бірқатар кездесулер өткізді. АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландаумен өткен келіссөздерде екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңі талқыланды.

Энергетика, жасанды интеллект, білім беру, көлік-логистика – стратегиялық серіктестіктің басым бағыттары. Тараптар арасындағы келіссөздерден кейін рекордтық инвестициялық жобаларға жол ашылып, енді бұл байланыс С5+1 форматында өңірлік деңгейге көтерілуі мүмкін.

Ричард Хогланд, Caspian Policy Center басқарма төрағасы:

«Қазір Орталық Азия – Каспий – Оңтүстік Кавказ бағытына сұраныс артып отыр. Бұрын бұл бағыттың маңызы төмендеу еді. Алайда Украинадағы жағдайдан кейін Транскаспий дәлізі тек сауда емес, геосаяси тұрғыдан да маңызды құралға айналды. Бұл – АҚШ назарын өзіне аударта алатын сирек мүмкіндіктердің бірі».

Қазақстандық делегация қатысқан Каспий саяси орталығының жиынында да Транскаспий дәлізінің маңыздылығы кеңінен айтылды. Сарапшылар бұл бағыттың инвестициялық әлеуеті зор екенін жеткізді.

Эфган Нифти, Caspian Policy Center атқарушы директоры:

«Орта дәліз – тек Шығыс пен Батыс арасындағы көпір емес. Ол Каспий маңындағы елдердің өзара байланысын күшейтеді. Қазіргі инфрақұрылым америкалық инвесторлар үшін тартымды. АҚШ тарапы бұған нақты қызығушылық танытып отыр. Бүгінгі форумға келгендер саны соның айқын дәлелі».

Сонымен қатар, Мұрат Нұртілеу армениялық әріптесімен кездесіп, Армения премьерінің алдағы Қазақстанға сапары жайлы баяндады. Бұдан кейін Австрия, Беларусь, Кипр, Оман және Того елдерінің сыртқы істер министрлерімен өзара ынтымақтастықтың жаңа бағыттары талқыланды.

Геосаяси тұрақтылық пен ашық экономикалық саясат – еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттырып келеді.



Бөлісу