Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күннің он бес жылдығына арналған жоғары деңгейлі пленарлық отырыс өтті. Биылғы күн ерекше мәнге ие болды: алғашқы ядролық жарылыстың және БҰҰ құрылуының 80 жылдығымен тұспа-тұс келді. Ұйым мінберінен сөйлегендер Қазақстанның ядролық қарусыздану мен оны таратпау режимін нығайтуға қосқан үлесіне ризашылықтарын білдірді.
БҰҰ Қазақстанның ядролық сынаққа қарсы күрестегі көшбасшылығын жоғары бағалады
БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Филемон Янг 1945 пен 1996 жылдар аралығында әлемде екі мыңнан астам ядролық сынақ жүргізілгенін еске салып, бұл сынақтардың адамдардың денсаулығына ауыр зардап тигізіп, қоршаған ортаны ұзақ мерзімге ластағанын атап өтті. Ол 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстанның Семей ядролық сынақ полигонын жабу шешімін жаһандық деңгейдегі бетбұрыс сәті деп бағалады.
БҰҰ Қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғары өкілі Изуми Накамицу Бас хатшының атынан сөйлеген сөзінде Қазақстан бастамасымен жарияланған Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн тек еске алу күні ғана емес, сонымен бірге ядролық сынақтардан азат әлемге ілгерілеуге арналған пәрменді халықаралық платформа екенін атап өтті.
Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров Семей полигонының қасіретін еске алып: «Бұл жағдай қайталанбауы тиіс. Болашақ ұрпақ үшін бейбітшілікті нығайту, халықаралық ынтымақтастықты ілгерілету және ядролық сынақтарға толық тыйым салуға қол жеткізу қажет. Қазақстан мен Кирибатидің бірлескен бастамасы – ядролық сынақтардан зардап шеккендерді қолдау мен қоршаған ортаны қалпына келтіруге арналған Халықаралық сенімгерлік қорын құру да өте маңызды», – деді.
Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күнге орай Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігі ұйымдастырған дәстүрлі қабылдауға да көптеген қатысушы жиналды. Бұл кездесулер ядролық сынақтарға қарсы күрес бағытында халықаралық платформа ретінде орныға түскен.