Басты Жаңалықтар Қазақстан арқылы ірі сауда нарығына жол ашатын 5 теміржол дәлізі өтеді

Қазақстан арқылы ірі сауда нарығына жол ашатын 5 теміржол дәлізі өтеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан арқылы әлемнің ең ірі сауда нарықтарына жол ашатын 5 теміржол дәлізі өтетінін айтты. Бұл – Тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы, сондықтан еліміз үшін айрықша стратегиялық маңызы бар жоба болмақ. Жаңа жол жүк тасымалы көлемін 5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша транзиттік әлеуетіміз күшейе түседі. Құрылысы аяқталып, Президент өзі екінші желісін іске қосқан «Достық-Мойынты» теміржол торабы Қытайдан яғни Достық дәлізінен басталып, Ақтоғай, Балғаш өңірін басып өтіп, осылайша Мойынтыға жетті. Ары қарай Мойынтыдан-Қызылжарға дейінгі екінші теміржолдың құрылысы жүріп жатыр. Одан соң Қызылжардан-Жезқазғанға дейін үшінші, Жезқазғаннан– Бейнеуге дейін төртінші, Ал Бейнеуден – Ақтауға дейін бесінші жол жаңғыртылады. Президент тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта 5 мың шақырым теміржол салу жоспары тұр. Сондай-ақ 11 мың шақырым теміржол жөнделеді.

Нұржан Кельбуганов, ҚР Көлік министрлігінің теміржол және су көлігі комитеті төрағасының міндетін атқарушы:

Қазірдің өзінде Достық торабы арқылы елу тонна тауар жөнелтуге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, Дарбаза-Мақтарал, Павлодар мен Шығыс Қазақстанды байланыстыратын Ақсу-Дегелең, Ақтөбе мен Қостанайды байланыстыратын Хромтау-Алтынсарин жобалары да жүзеге асырылады. Осылайша Қазақстан нағыз Транзиттік хабқа айналып, 100 млн тоннаға дейін тауар жеткізуге қауқарлы болады.

Ниджат Гулиев, «Әзірбайжан темір жолы» басқарма төрағасының орынбасары:

Жақында ғана Қазақстан – Әзірбайжан – Грузия өкілдерімен бірлескен жұмыс тобы құрылды. Бұл топ Алтынкөлден бастап, Әзірбайжан, Грузия порттарына дейін мониторинг жүргізді. Нәтижесінде нақты тапсырмалар бекітілді. Әр мемлекеттің өз міндеттері бар. Шекарадағы жұмыстар еш қиындықсыз жүргізілуі тиіс. Поезд жылдамдығы бәсеңдемеуі керек. Осындай мәселелерді нақтылау мақсатында алдағы уақытта Халықаралық келісімдер жасалады.


Бөлісу