БҰҰ Қазақстанның ядролық сынаққа қарсы күресте көшбасшылығын жоғары бағалады
Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күннің он бес жылдығына арналған жоғары деңгейлі пленарлық отырыс өтті. Биылғы күн ерекше мәнге ие. Алғашқы ядролық жарылыстың және Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылуының 80 жылдығымен тұспа-тұс келді. Ұйым мінберінен сөйлегендер Қазақстанның ядролық қарусыздану мен оны таратпау режимін нығайтуға қосқан үлесіне ризашылықтарын білдірді.
БҰҰ Бас Ассамблеясының Төрағасы Филемон Янг 1945 пен 1996 жылдар аралығында әлемде екі мыңнан астам ядролық сынақ жүргізілгенін еске салды. Бұл сынақтар адамдардың денсаулығына ауыр зардап тигізіп, қоршаған ортаны ұзақ мерзімге ластағанын атап өтті.
Филемон Янг, БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы:
1991 жылғы 29 тамызда Қазақстанның Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешімі жаһандық деңгейде сынақтар жарысын тоқтатуға бағытталған күш-жігердегі бетбұрыс сәті болды.
БҰҰ Қарусыздану мәселелері жөніндегі Жоғары өкілі Изуми Накамицу Бас хатшының атынан сөйлеген сөзінде Қазақстанның бастамасымен жарияланған Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн тек еске алу күні ғана емес, сонымен бірге ядролық сынақтардан азат әлемге ілгерілеуге арналған пәрменді халықаралық платформа екенін атап өтті. Ал БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров Семей полигоны жайлы сөз қозғады.
Қайрат Омаров, БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі:
Семей полигонының қасіреті қайталанбауы тиіс. Болашақ ұрпақ үшін бейбітшілікті нығайту, халықаралық ынтымақтастықты ілгерілету және ядролық сынақтарға толық тыйым салуға қол жеткізу қажет. Қазақстан мен Кирибатидің бірлескен бастамасы – ядролық сынақтардан зардап шеккендерді қолдау мен қоршаған ортаны қалпына келтіруге арналған Халықаралық сенімгерлік қорын құру жөніндегі бастама да өте маңызды.
Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күнге орай БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілдігі ұйымдастырған дәстүрлі қабылдауға қатысушылар көп болды. Ядролық сынақтарға күрес бағытында бұл кездесулер халықаралық платформа ретінде орныға түскен.