Басты Жаңалықтар Президент қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады

Президент қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды еңбек күнімен құттықтады. «Еліміздің құндылықтары мен мақсаттарына зор сеніммен қарап, қастерлі Отанымыз үшін аянбай еңбек етіп жүрген отандастарымызға шынайы ризашылығымды білдіремін», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Құрметті отандастар! Еңбек күні құтты болсын! Бұл мерекенің еліміз үшін айрықша мәні бар. Себебі еңбек пен еңбекқорлық – ұлттық идеологиямыздың арқауына айналған құндылықтар. Жұмысшы мамандықтары жылында біз адал әрі қажырлы еңбегімен еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жатқан сан алуан кәсіп иелері мен түрлі буын өкілдеріне және еліміздегі барша еңбеккер қауымға сый-құрмет көрсетеміз. Біз қоғамда адал еңбекті кеңінен дәріптеп, өскелең ұрпақты еңбекқор етіп тәрбиелей отырып, Қуатты әрі Әділетті Қазақстанның мызғымас негізін қалаймыз. Жауапкершілігі жоғары, ниеті таза, отаншыл азаматтарымыздың арқасында біз дамыған және өркениетті ел болу міндетін абыроймен орындаймыз деп сенемін. Қазақстанның барлық азаматына зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!


Бөлісу