Еуропа елдері тоқыма өнеріне қайта бет бұрды
Еуропа елдері тоқыма өнерін қайта жандандыра бастады. Себебі тоқыма тоқу жүйкені тыныштандырып, денсаулыққа пайдалы, - дейді ғалымдар. Ұлыбритания, Финляндия, Норвегияда халық жаппай тоқу мейрамын тойласа, қарт құрлықтың өзге мемлекеттері науқастарды емдеуде тоқыма терапиясын қолдануда. Бельгияда соңғы жылдары тоқуды үйрететін курстар, клубтар көбейген.
Бельгиялық тоқымашылардың жұмысы қауырт. Қыстың қамын қазірден ойлап, жүн шұлық пен жемпірдің түр-түрін тоқуға кіріскен. Жасы да жасамысы да тоқудың пайдасы көл-көсір екенін айтады.
Ләйла Юсупи, Брюссель қаласының тұрғыны:
Басымдағы қалпақты өзім тоқығаныма мақтаныш сезімі кернейді. Тоқуды осы жерден үйрендім. Қазір бос уақытымды әлеуметтік желіге құртпай, тоқуға арнаймын.
Моника Тибо, Брюссель қаласының тұрғыны:
Тоқу жадыңның жаңғыруына көмектеседі. Үстімдегі жемпірді 40 сағатта тоқып, бітірдім. Қазір бәрін өзім тоқып кием. Осы үйірменің арқасында достар таптым.
Тоқу – тек хобби емес, жүйкені тыныштандыратын терапия екенін 74 жастағы Клод талай дәлелдеген. Тәжірибелі дәрігер зейнетке шыққалы Бельгияда тегін тоқыма клубтарын құрып, ұмытыла бастаған өнерді қайта жаңғыртуға күш салды.
Клод Арлез, тоқыма үйірмесінің жетекшісі:
Мен әжемнен тоқуды бес жасымды үйрендім. Ол уақытта мектепте тоқу пәні болатын. Қазір соны қайта енгізу керек мектепке. Тоқу адамның зейінін арттырады. Аптасына екі рет өтетін үйірмелерге жастардың, ер кісілердің де қызығушылығы жоғары.
Клуб мүшелері жылына екі рет тоқылған бұйымдарды сатуға шығарып, түскен ақшаны қайырымдылыққа жұмсайды. Жалпы қазір Еуропа жастары арасында әлеуметтік желіде қымбат көлігімен емес, бір жылда өзі тоқып киген киімдерімен мақтану трэндке айналды.
Нұрсұлу Қасым
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
