Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 30 млрд долларға жуықтады
Алты жыл бұрын жаһанды індет жайлаған тұста Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин жасанды интеллект тақырыбына арналған форумға онлайн қатысқан еді. Сол кезде-ақ қос елдің басшылары озық технологиялардың келешегіне назар аударған. Арада алты жыл өтті. Бүгінде жасанды интеллект мемлекеттердің стратегиялық даму бағытына айналды. Осы аптада Қазақстан Президенті Мәскеуге жұмыс сапарымен ұшып барды.
Әуелі Кремльде Владимир Путинмен жүздесіп, екіжақты байланыстың жайын саралады. Қазақ пен орыстың алыс-берісі артып, тауар айналымы 30 миллиард долларға таяды. Ортақ жобалардың дені жүзеге асқан. Енді дәстүрлі әріптестікке озық технологиялар арқылы жаңа мазмұн дарыту көзделіп отыр.
Иә, қазір дүниежүзінде технологиялық бәйгенің бәсі жоғары. Биыл жасанды интеллектіні дамытуға жұмсалатын қаржы 2,7 триллион долларға жетуі мүмкін.
Біздің Қазақстанның діттегені – технологияны тұтынушы ғана емес, төл өнімін өндіруші елге айналу. Президентіміздің айтуынша, жаңа технологияның қайырын қалың жұрт көруге тиіс. Кәсіпорынның өнімділігі артып, шаруаның жұмысы жеңілдеп, шалғай ауылдағы ағайынға да табыс табудың жаңа жолдары ашылуы керек.
Мәскеу. Осы аптада алып шаһарда бірнеше күн толассыз қар жауып, көшелерді ақ ұлпа басты. Қалың қар қала қозғалысын баяулатқанымен, саяси кездесулердің қарқыны бәсеңдеген жоқ. Сәрсенбі күні нөмірі бірінші борт Мәскеу әуежайына қонды.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Ресей. Аю таңбалы алып көршіміз. Стратегиялық серіктесіміз саналады. Әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара Қазақстан мен Ресейге тиесілі. Сан салада тығыз әріптестік орнаған. Талқылайтын мәселе де көп. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі апта ішінде екінші мәрте жүздесіп отыр.
Кремль. Сағат тілі кешкі оннан асқан. Алайда Ресей Президентінің жұмыс кабинетінде әңгіменің тиегі енді ағытылды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин әуелі амандық-саулық сұрасып, содан соң саясаттың жайына көшті. Осы жүздесудің Қытайдың Шэньчжэнь қаласында үш алып державаның басшылары бас қосқаннан кейін өтуінің де саяси мәні бар. Қазақстан мен Ресей басшылары кездескен күні Дональд Трамп та НАТО-ның бас хатшысы Марк Рюттемен кеңескен еді. Осы ретте Мемлекет басшысы бұл тарихи кездесуді жіті қадағалағанын айтып, қорытынды құжатқа оң баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Байқауымша, аталған декларацияны әзірлеуге Өзіңіз тікелей атсалыстыңыз. Өйткені жазылу мәнері мен мазмұны маған таныс. Жиі айтып жүрген мәселелеріңіз осы құжаттың негізгі тармақтары ретінде енген екен. Бұл, әрине, ресейлік дипломатияның және Ресей мемлекетінің зор жетістігі.
Тату көршілік, көпқырлы әріптестік. Бүгінгі қазақ-орыс байланысының сипаты осындай. Қос ел қолға алған 178 ірі жобаның 124-і қазірдің өзінде іске асып отыр. Алыс-беріс те артып, 30 миллиард долларға таяп қалды.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
Үкіметаралық комиссия қос тарапта да белсенді жұмыс істеп жатыр. Жалпы алғанда, барлық бағытта ойдағыдай ілгерілеп келеміз. Меніңше, біздің тұрақты кездесулеріміз осы үдерістің қарқын алуына белгілі бір деңгейде оң әсер етіп отыр.
Ертесіне президенттер жасанды интеллект тақырыбына арналған AI Journey халықаралық конференциясына қатысты. Басты қонақ – Қазақстан Президенті.
Кейде күрделі мәселенің күрмеуі осындай бейресми әңгіме үстінде шешіліп жатады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин жиын басталар алдында емен-жарқын тілдесті. Алыс-берісі мол екі елдің ақылдасар мәселесі де аз болмаса керек.
Иә, әлемде ықпал үшін таластың сипаты өзгеріп келеді. Күні кеше қойнауы мұнай мен газға толы елдің саяси салмағы басым еді. Енді ақыл-ойдың жемісі, есептеу қуаты мен деректер де мемлекеттің мерейін үстем етпек. Ал оның санаулы елдің қолында шоғырлануы қаншалықты қауіпті? Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі мінберден осы мәселеге назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әлемнің мүлдем жаңа геотехнологиялық картасы пайда болды деуге болады. Озық шешімдерге, есептеу қуатына, білікті кадрларға қол жеткізу мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне және қауіпсіздігіне ықпал ететін факторға айналды. Халықаралық ғылыми байланыстарды шектеу, аса маңызды технологияларды аталған үдеріске қатысушы ат төбеліндей топтың қолында шоғырландыру түбі жаһандағы технологиялық теңсіздіктің ушығуына алып келеді. Елдердің арасында тағы бір жіктің қалыптасуына жол беруге болмайды.
Ал технологиялық бәсекеде Қазақстанның қарымы қандай? Мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда еліміз біраз жерге барды. Қазір оның 90 пайыздан астамын үйден шықпай-ақ алуға болады. Жасанды интеллектінің тілін меңгеруге 100 мыңнан астам студент ден қойған. Astana Hub аясында 2700 технологиялық компания мен стартап жұмыс істеп тұр. Төл IT өнімдерімізге шетелде де сұраныс бар. Былтыр осы саланың экспорты 1 миллиард доллардан асты.
Ростислав Коняшкин, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі:
Қазақстанның мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда тәжірибесі мол. БҰҰ рейтингінде 24-орыннан 16-орынға көтеріліп, цифрлық даму деңгейі ең жоғары елдер тобына алғаш рет ендік. Бұл бағада электронды үкіметтің жетістігімен қатар адами капитал мен байланыс саласының дамуы да ескерілген. Тәжірибемізге шетелде қызығушылық бар. Қазақстандық ақпараттық жүйелерді өзге елдерге экспорттап жүрміз. Алдағы уақытта бұл бағытты өңірде де, әлемдік нарықта да кеңейтеміз деп ойлаймын.
Ресеймен арадағы әріптестіктің де мазмұны өзгеріп келеді. Қос ел енді цифрлық экономиканың мүмкіндіктерін қарастырып отыр. Соның бір мысалы – цифрлық көлік дәлізі. Қазақстан үшін географиялық артықшылықты технологиялық артықшылықпен ұштастырудың маңызы зор. Жүк құжатының цифрлануы тасымал шығынын азайтып, транзиттік бәсекеге қабілеттілікті арттыруы мүмкін.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Келешекте Қазақстан мен Ресей арасында толыққанды цифрлық көлік дәлізін қалыптастыруға болар еді. Табиғаттың өзі сыйға тартқан артықшылығымызды ескерсек, көлік-логистика саласын дамытуда ерен жетістіктерге жете аламыз.
Жаңа технологияның игілігі көп. Бірақ адамзат ұтқанынан ұтылып қалмауы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің адамды ойлану мен есте сақтау дағдысынан айырмауы керегін айтты. Бұл тақырып қос президенттің халықаралық олимпиадаларда оза шапқан өрендермен кездесуінде де сөз болды. Мемлекет басшысы жастарды көбірек кітап оқуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қалай болғанда да көп оқу керек. Мен елімізде кітап оқитын ұлт қалыптастыру туралы арнайы жарлыққа қол қойдым. Бұдан бөлек, жақын арада Астана мен Алматыда президенттік кітапханалар ашылады. Тәулік бойы жұмыс істейтін орталықтарда келушілер шығармаларды электронды форматта да оқуға мүмкіндік алады. Меніңше, бұл – дұрыс шешім.
Талантты жастардың арманы асқақ, талабы зор. Сол ұрпақтың алаңсыз білім алып, емін-еркін еңбек етуіне жағдай жасау – аға буынның парызы, деді Президент. Еліміздің басты бағдары да осы. Көршімен тату болып, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау.
Читайте также
Все