Энергетикалық сусындардың сатылымы екі жылда 65%-ға өсті
Елімізде энергетикалық сусындардың сатылымы екі жылда 65 пайызға өскен. Статистика 2023 жылы 215, ал былтыр 355 миллион литр өнім сатылғанын көрсетті. Қауіпті сусындарға сұраныстың артқаны көпті алаңдататыны рас. Белсенділер сергіткіш сусындарды өндіруге, импорттауға және сатуға толық тыйым салу туралы бастама көтерді.
Энергетикалық сусындардың зиян екені жиі айтылады. Алайда қызығып ішетіндер азаймай тұр. Астанадағы бұл медициналық орталыққа аптасына кемі 10 адам жүрек қағысының жиілегенін, қан қысымының көтеріле беретінін айтып, шағымданып келеді. Науқастардың сөзінше, өне бойдағы жайсыздық тәтті сусынды көбірек ішкеннен кейін басталған.
Гауһар Қайратқызы, терапевт:
Қазіргі кезде бізге ондай науқастар көп келеді. Олардың жас айырмашылығы жоқ. Негізі жасөспірімдер мен 30-40 жас аралығындағы белсенді жұмыс істейтін адамдар.
Дәрігерлер энергетикалық сусыннан келетін кесел көп дейді. Әсіресе орталық жүйке жүйесі мен жүрек-қан тамырларына кері әсері бар. Ұйқысыздық пен ашушаңдық да жиілейді.
Гауһар Қайратқызы, терапевт:
Энергетикалық сусындардың жасөспірімдер арасында қолданылуы енді ғана дамып келе жатқан орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, одан балалардың зейін қою қабілеті азаяды, психо-эмоционалды күйіне қатты әсер етеді. Және де одан сайын шаршау, әлсіздік сезімдерін беріп отырады.
Германия ғалымдары мұндай сусынды ішкен жасөспірімдердің түнгі ұйқысы орта есеппен 53 минутқа қысқарғанын дәлелдеген. Ал Америка зерттеушілері энергетикалық сусындардың әсерінен инфарктың 4,5, ал жүрек тоқтауының шамамен 11 есе жиілегенін анықтапты.
Жанар Ботағарина, ҚР ДСМ С.Қайырбекова атындағы ҰҒДС дамыту орталығының басқарушы директоры:
Егер оны күнделікті пайдаланатын болса, семіздіккке әкелуі мүмкін, қант диабетінінің II типіне әкелуі мүмкін және инсулинге төзімділік деген тағы да бір ауруымыз бар, сол резистентілікке әкелуі мүмкін. Соңғы ақпарат бойынша, шетелде жастар энергетикалық сусынды көп пайдаланған, жасөспірімдер арасында жүрек операциясы жүргізіліп жатыр.
Алайда елімізде сусындарға сұраныс жоғары. Былтыр 355 миллион литр өнім сатылған. Көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 65 пайызға көп. Ал биыл өнімнің бұл түріне акциз салына бастады. Қазір оның әр литріне 100 теңге салық төленсе, 2030 жылға қарай мөлшерлеме 240 теңгеге дейін өседі.
Мақсұт Насибулов, ҚР Құрылтайының депутаты
Менің ойымша, мүлдем тоқтау керек, тыйым салу керек сатылымына. Бұрын ол болмады ғой. Өйткені қазір өзіңіз көріп келе жатырсыз, 3-4 құты энергетикалық сусын ішу - тәуелділік.
Сонымен қатар депутат энергетикалық сусындардың жарнамасын шектеу қажет екенін атап өтті. Үкіметке депутаттық сауал да жолдады. Айта кетейік, елімізде бұл өнімді шығаратын бес отандық кәсіпорын және бес ірі импорттаушы бар. Сондықтан сусынға толық тыйым салуды медициналық және экономикалық жағынан саралау маңызды дейді сарапшылар.