Главная Новости Ақтөбеде ерекше қажеттілігі бар балаларға тиесілі балабақша ашылды

Ақтөбеде ерекше қажеттілігі бар балаларға тиесілі балабақша ашылды

Ақтөбеде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 300 орындық балабақша пайдалануға берілді. Ауданы 20 мың шаршы метрден асатын нысанның құрылысы бір жылда аяқталды. Жоба құны - 7,8 млрд теңге.Қайтарылған активтер есебінен салынған мекемеде 200-ден астам маман қызмет көрсетеді.

Жаңа балабақшаның ашылғанына ерекше қуанған жандардың бірі Жайсан Медетқызы. Ол бұған дейін баласын әр түрлі мекемелерге тасып, көп уақыт жоғалтатын. Енді білікті мамандардың көмегін бір жерден алады. Оның үстіне мұндағы қызметтің барлығы тегін.

Жайсан Медетқызы, Ақтөбе тұрғыны:

Біз демалыс күндері бассейнге, басқа жерлерге тасимыз ғой, АФК орталықтарына. Ал, бұл жерде барлығы бір ортада қамтылған.Кешенді даму үшін АФК мамандары құрылға, монтессори, бассейн бар. Оның барлығы қосыла жұмыс атқарғанда үлкен нәтиже шығары анық.

Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған кешен дәліздер арқылы байланысқан алты ғимараттан тұрады. Оның бірі тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналса, екіншісінде көру қабілеті төмен балалар тәрбиеленеді. Интеллектуалдық дамуы тежелген және дефектолог маманның көмегін қажет ететіндері басқа ғимараттарда. Ең бастысы, мұндағы әр бала қажетті қолдауға ие болады.

Бұлбұл Күзембаева, облыстық білім басқармасының басшысы:

Деффектолог, логопед, психолог мамандар, невропотолог дәрігер бар. Олардың барлығы арнайы бағдарламамен, сабақ кестесімен түзету, коррекциялық жұмыстарды жүргізетін болады. Енді алдағы уақытта осы балабақшамызға әлемдік тәжірибелерді енгізгіміз келеді.

Елімізде ерекше қажеттілігі бар балалар саны артып келеді. Мемлекет басшысы халыққа арнаған жолдауында Үкімет пен әкімдіктерге осы салаға қатысты инфрақұрылымды дамытуға тапсырма берген еді. Сондықтан жұмыс жалғасады. Өңірде қазірдің өзінде инклюзивті білім беруді қолдау бағытында 30 кабинет іске қосылды. Арнайы түзету мектебі жанынан 150 орындық жаңа ғимарат салынды.

Поделиться