Главная Новости Озық технологиялар ортақ басымдыққа айналады

Озық технологиялар ортақ басымдыққа айналады

Озық технологиялар Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігінің негізгі бағытына айналады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен AI Journey халықаралық конференциясында айтты.Президенттің сөзінше, әлем жаһандық экономиканы түбегейлі өзгертетін жаңа ғылыми-өнеркәсіптік төңкерістің алдында тұр. Бұл өзгеріс геосаяси шиеленіс күшейіп, елдер арасындағы сенім азайған тұсқа тап келді. Мемлекет басшысы жүк тасымалында екі елдің ақпараттық жүйелерін үйлестіру қажет екенін де айтты. Болашақта Қазақстан мен Ресей арасында цифрлық көлік дәлізін құруды ұсынды. Мәскеудегі халықаралық жиында тағы не айтылды? Шерхан Жамбылұлы баяндайды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Қазір жер-жаһанда жасанды интеллект жарысы көз ілеспес жылдамдықпен жүйіткіп жатыр. Алып елдер жаңа технологияға миллиардтап емес, триллиондап қаржы құйып жатыр. ЖИ таяу келешектегі өмірімізді қалай өзгертеді? Еңбек нарығы мен қауіпсіздік мәселесі не болмақ? Мәскеуде қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелер талқыға түсті.

Жасанды интеллект әлеміне саяхат. Биыл 11-ші мәрте ұйымдастырылып жатқан  жиын осындай тақырыппен өтті. Әлемнің 30-дан аса белді сарапшысы арнайы келген. Басты қонақ – Қасым-Жомарт Тоқаев. Негізгі басқосу алдында Қазақстан мен Ресейдің жасанды интеллект саласындағы жетістіктері таныстырылды.

Халықаралық конференция адамдар мен роботтардың биімен басталды. Жаңа технологияның өнерге де таласы бар. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің өндіріс пен әлемдік экономикаға ықпалына назар аударды. Биыл әлемде бұл салаға жұмсалатын қаржы 2,7 триллион долларға жетуі мүмкін. Стэнфорд есебіне сай, компаниялардың 88 пайызы ЖИ-ды жұмысына енгізген. Мемлекет басшысы технологиялық трансформация геосаяси шиеленіс күшейген уақытта жүріп жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әлемнің мүлдем жаңа геотехнологиялық картасы пайда болды деуге болады. Озық шешімдерге, есептеу қуатына, білікті кадрларға қол жеткізу мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне және қауіпсіздігіне ықпал ететін факторға айналды. Халықаралық ғылыми байланыстарды шектеу, аса маңызды технологияларды аталған үдеріске қатысушы ат төбеліндей топтың қолында шоғырландыру түбі жаһандағы технологиялық теңсіздіктің ушығуына алып келеді. Елдердің арасында тағы бір жіктің қалыптасуына жол беруге болмайды.

Қазақстан қысқа мерзімде толық цифрланған мемлекетке айналуды көздейді. Елде Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Былтыр отандық IT қызметтерінің экспорты 1 миллиард доллардан асқан. 100 мыңнан астам студент ақылды жүйені меңгеріп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бір апта бұрын жарияланған БҰҰ зерттеуіне сүйенсек, Қазақстан әлемдегі электрондық үкіметтің даму рейтингінде екі жыл ішінде 8 позицияға көтеріліп, 16-орынға табан тіреді. Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді, eGov Mobile қосымшасына халқымыздың үштен екісі, яғни 13 миллион қолданушы тіркелген.

Жаңа технологиялар – жаңа қауіп-қатерлер. Жасанды интеллектіні алаяқтық пен  жалған ақпарат таратуға пайдаланатындар бар. Президент бұған қарсы тұру үшін әлем елдерін күш біріктіруге шақырды. Ал Владимир Путин өздігінен тапсырма орындайтын ЖИ агенттерінің өкілетін нақты белгілеу қажет деп есептейді.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Жасанды интеллект қолданылған кибершабуылдар күрт көбейгендіктен, мамандар 2026 жылдың қазан айын «қаралы қазан» деп атап жүр. Мемлекетті, аса маңызды инфрақұрылымды, азаматтар мен бизнесті тиімді қорғау керек. Дегенмен шамадан тыс тыйым салып, технологияларды бұғаттаудың қажеті жоқ. Мамандар жасанды интеллект агенттерінің барған сайын ақылды әрі айлакер болып бара жатқанын айтып отыр. Олар кейбір тыйымдарды айналып өтіп жүр. Осының бәрін ескеру керек.

Дегенмен цифрлық шешімдер жүк тасымалын арттыруға көмектесіп отыр.

Қазақстан мен Ресей саланы цифрландыруға ден қойған. Қазан айында екі ел арасында электронды жүкқұжатпен автокөлік арқылы жүк жеткізу сынақтан өтті. Президент енді қос елдің ақпараттық жүйелерін өзара үйлестіру қажет екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Келешекте Қазақстан мен Ресей арасында толыққанды цифрлық көлік дәлізін қалыптастыруға болар еді. Табиғаттың өзі сыйға тартқан артықшылығымызды ескерсек, көлік-логистика саласын дамытуда ерен жетістіктерге жете аламыз.

Форум аясында президенттер жасанды интеллектінің жілігін шаққан жастармен жүздесті. Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары өздерін толғандырған сауалдарды қойып, ақылды зерде мүмкіндіктеріне қатысты өз ұсыныстарын айттты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Аға буынның парызы – талантты жастардың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына жағдай жасау. Бұл, шын мәнінде, мемлекеттік маңызы бар міндет. Біз сіздердің ешқандай қиындықсыз лайықты білім алып, осы күрделі әлемде мемлекеттеріміздің өсіп-өркендеуіне және қауіпсіздігіне өз үлестеріңізді қосу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

Ерсұлтан Арын, оқушы:

Жасанды интеллектіні ел игілігіне жарату үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саланың қарқынды өрлеуі Үкіметке жаңа міндеттер жүктейтінін айтты. Ал цифрлық дәуірдің келбетін озық технологияны меңгерген жастар айқындамақ.

Поделиться