Главная Новости Сыңғырлау ауылына 40 жылда алғаш рет асфальт жол төселді

Сыңғырлау ауылына 40 жылда алғаш рет асфальт жол төселді

Маңғыстауда Бейнеу ауданына қарасты Сыңғырлау ауылына 40 жылда алғаш рет асфальт жол салынды. Биыл елді мекеннің ішкі көшелері толық жаңартылды. Сонымен қатар ауыл тұрғыны Өзбекстанмен байланыстыратын және Бейнеу-Бозой-Сексеуіл автожолдарының тоғысқан жерінде демалыс аймағын ашып, жол бойындағы сервисті дамытуға үлес қосып отыр. Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтады.

Сыңғырлау ауылы аудан орталығынан 25 шақырым жерде, Өзбекстанмен шекараға жақын. 100-ге жуық түтіні бар елді мекеннің ішкі көшелеріне 2,5 шақырым асфальт төселді. Жол құрылысы жергілікті бюджет есебінен жүргізілген. Қазір жұмыстың 95 пайызы аяқталып, жол жиектерін реттеу мен белгілерді орнату ғана қалған.

Сәндігүл Тәжімова, Сыңғырлау ауылының тұрғыны:

Бұл Сыңғырлау ауылының ашылғанына 40 жылдан астам уақыт болды. Сол 40  жыл бойына біз асфальт көргеніміз жоқ. Осы, мінеки, бірінші рет. Ауылдың халқы түгел қуануда. Жол тегіс, ешқандай қиындық жоқ. Басқа да бұл ауылда мәселе жоқ қиындық тудырып жатқан. Барлығы жақсы. Газымыз, тоғымыз - барлығы уақытында, ешқандай кедергі жоқ.

Мердігер мекеме ауылдың барлық ішкі көшесіне асфальт төсеген. Жол құрылысына қажетті материалдардың басым бөлігі жергілікті жерден жеткізілген.

Абай Әбуғалиев, мердігер мекеменің басшысы:

Бүтін ауылға асфальт салдық, бітірдік. Сапасы өте жоғары. Осы Маңғыстау облысының материалы бәрі де, битум Каспий битумдікі, инертті материалдар бәрі осы жақтан. Соған қарағанда ауылға керемет жақсы жол салынғанына өте қуаныштымын.

Сыңғырлауда демалыс орны ашылды

Жол қатынасы жақсарған сайын ауылдың кәсіпкерлік әлеуеті де артып келеді. Жазда мұнда жолаушыларға арналған демалыс орны ашылды. Өзбекстанға қатынайтын, сондай-ақ ауданның елді мекендеріне жолға шыққан тұрғындар осында аялдап, тыныға алады. Кешенде жатын орын, асхана, бассейндер мен балалар ойын алаңы бар. Кәсіпкер жобаны жеңілдетілген несие арқылы жүзеге асырған. Жазғы маусымда 25 адамды жұмыспен қамтып, қазір 10 шақты тұрғынға тұрақты жұмыс беріп отыр.

Руслан Көкімбетов, демалыс орнының директоры:

Келім-кетім көп, жалпы бұл жерде. Жолшыбай адамдар, ауылдарға кетіп бара жатқан адамдар келіп, тамақ ішіп кетеді. Демалып отырады. Көлігі бұзылғандар келіп қона қояды мына хостелімізге. Президентіміз де айтып жатыр ғой, ауылды дамыту, жолды дамыту деп, соған үлес қосып жатырмыз деп ойлаймыз.

Демалыс орнына жазғы маусымда бір күнде 100-ден астам адам келген. Сұраныстың артуына байланысты кәсіпкер аумағын кеңейтіп, үлкен бассейн салуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, көлік жуу және жөндеу орталығын, жанармай бекетін ашу көзделген.

Поделиться