Главная Новости Бюджеттік мекемелердің энергия үнемдеу жолдары заңмен бекітіледі

Бюджеттік мекемелердің энергия үнемдеу жолдары заңмен бекітіледі

Мектеп, аурухана, балабақша сияқты бюджеттік мекемелер энергияны мейлінше тиімді пайдаланса, мемлекет жылына 11 миллиард теңгеге дейін қаражат үнемдеуі мүмкін. Бүгін Құрылтайда осыған бағытталған заң жобасы талқыланды. Енді мекемелердің энергия тұтынуы бақылауға алынады. Оның қарапайым тұрғындарға әсері бар ма?

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Президент 2029 жылы электр энергиясының профицитіне шығуды тапсырған. Ол үшін жаңа станциялар салып, ескілерін жөндеу қажет. Ал бүгін мақұлданған заң жобасы қолда бар энергияны тиімді пайдалануға бағытталған. Депутаттардың айтуынша, өзгерістер қарапайым тұрғындардың коммуналдық төлеміне тікелей әсер етпейді.

Бекжан Әлімқұлов, ҚР Құрылтайының депутаты:

Мысалы, бюджеттік мекеменің директоры болатын болсаңыз, объективті түрде қарайтын болсақ, ай сайын қанша электр энергияға төлейтініңіз қатты маңызды емес. Өйткені оны Үкімет төлеп береді. Ал Үкіметтің төлейтін ақшасы айналдып келгенде біз бен сіздің салығымыздан шыққан қаражат.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Мұндай нысандарды жаңартуға жеке кәсіпкерлер де үлес қоса алады. Мысалмен түсіндірейін. Кәсіпкер ғимараттағы энергияны көп тұтынатын жабдықтарды өз қаражатына ауыстырады. Соның арқасында ай сайынғы шығын 100 мыңнан 60 мың теңгеге азайса, үнемделген 40 мың теңгені келісім бойынша алты жыл бойы кәсіпкер алады.

Оңғар, заң қабылданып, күшіне енгеннен кейін мектептер мен ауруханалар үнемдейміз деп сараңдыққа салмай ма? Балалар қараңғы сыныпта оқып, салқын ғимаратта тоңып отырмай ма?

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Орынды сұрақ, Ернұр. Жиын барысында бұл мәселені біз де мамандардан сұрап білдік.

Азамат Панбаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіп комитетінің төрағасы:

Бұл талаптар санитарлық нормаларды өзгертуге бағытталмаған. Энерго-мониторинг деген ұғым енгізіліп отыр. Осы энерго мониторингтің шеңберінде онлайн бақылау жүргізіліп, тиісті ұсыныстар енгізіледі.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Яғни, алдымен энергия тұтыну деңгейі бақыланып, мекемелерге үнемдеу бойынша ұсыныс беріледі. Одан кейін ескерту жасалады. Талапты жүйелі түрде орындамағандарға  айыппұл салынады.

Арман Қалықов, ҚР Құрылтайының депутаты:

Заң жобасында көзделген шараларды іске асыру бюджеттік секторда энергия тұтынуды жылына 160 мың тонна шартты отынға азайтуға мүмкіндік береді. Бұл ақшалай түрде 11  млрд теңгені құрайды.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Заң жобасында энергия тиімділігі жоғары көппәтерлі тұрғын үй ұғымы да нақтыланған. Алайда бұл жаңа үйлерге энергияны үнемдеу стандарты енгізілді деген сөз емес. Құжат әзірге бірінші оқылымда мақұлданды. Алда тағы екі оқылым бар.

Поделиться