Главная Новости Ресейде шетел азаматтарын бақылау күшейеді

Ресейде шетел азаматтарын бақылау күшейеді

1 желтоқсаннан бастап Ресейде шетел азаматтарын бақылаудың бірыңғай цифрлық жүйесі толық іске қосылады. Бұл талап Қазақстан азаматтарына да қатысты. Ресей Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, енді шетелдіктер туралы ақпарат 15 мемлекеттік органның деректер базасынан жинақталады.

Жүйе арқылы мигранттың қайда жұмыс істейтіні, білімі, көлік құралдары, медициналық сақтандыруы және миграциялық тіркеуі туралы мәліметтер қолжетімді болады. Әкімшілік құқық бұзушылықтар мен салынған айыппұлдар да цифрлық профильде көрсетіледі. Бұған дейін әртүрлі мемлекеттік мекемелерде сақталған ақпарат енді бір жүйеге біріктіріледі.

Ольга Оболенская, сарапшы:

Алғашында эксперименттік жоба болған, енді толықтай іске қосылады. Барлық жұмыс берушілер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға да бақылау күшейеді. Бұл еңбек мигранттарына тікелей қатысты. Салықтан жалтарғандарды да енді анықтау оңай.

Билік бұл шаралар көші-қон заңнамасының сақталуын бақылауға мүмкіндік береді деп отыр. Сонымен қатар ережені бұзған шетелдіктерді анықтауға жол ашады. Құжаттарын уақытында рәсімдемеген немесе елде болу тәртібін бұзған шетелдіктер айыппұл арқалайды. Тіпті елден шығарылуы ықтимал.

Фарид Шакаиров, еңбек мигранты:

Соңғы уақытта Ресейде жұмыс істеу қиындады. Айлық қысқарып, өмір сүру қымбаттады. Сондықтан басқа елге барып, жұмыс істеймін деп шештім. Себебі Ресейде жұмыс істеуге рұқсат алу өте қиын, табысымыз мардымсыз.

Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында шетел азаматтарына қатысты елден әкімшілік жолмен шығару туралы 143 мыңнан астам шешім қабылданған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш есе көп. Бір айда 70 мыңға жуық шетелдікке Ресей аумағына кіруге тыйым салынды.

Поделиться