5 жасар Алуаның ойыншықтары өте көп. Ол барлығын бірдей жақсы көріп, ұқыпты, таза ұстайды. Бірде Алуа түнгі ұйқыға кеткенде ойыншықтарға жан бітеді. Олар тек таң ата бұрынғы жансыз қалыпқа қайта оралады. Ойыншықтар өздерінің тірі жанға айналғанын Алуаға білдірмеуге барынша тырысады. Себебі кішкентай қызды шошытып алудан қорқады.
Ойыншықтардың мінездері мен көзқарастары, талғамдары әртүрлі. Мәселен, бірі Алуаның көңілінен шығуға тырысса, енді бірі ол үйден қашуды ойлап, өз бетінше өмір сүруді аңсайды. Алуаның сүйікті қуыршағы Айым ханшайым мен жуырда ғана туған күнге сыйлық ретінде келген сәнқой қуыршақ екеуі үнемі санасып, бір-бірінен озуға тырысып жүреді.