Шымкентте аймақтық журналистер форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте аймақтық журналистер форумы өтті

17.06.2015
Шымкентте аймақтық журналистер форумы өтті

Шымкент қаласындағы «Rixos» қонақүйінде «Бес институттық реформа. 100 нақты қадам: Ақпараттық қамту және ілгерілету» атты аймақтық журналистер форумы өтті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Үш миллионға жуық халқы бар Оңтүстік Қазақстан облысында 236 бұқаралық ақпарат құралы бар. Олардың 175-сі газет болса, 37 журнал мен 12 телеарна, үш радио және тоғыз интернет ресурсы халыққа жылдам ақпарат таратуда. БАҚ өкілдерін Елбасы айтқандай бір ұлт болып ұйысуға, ілгерілеуге, ұлт жоспары мақсатында атқарылған шараларға белсене қатысып, ақпаратпен қамтуға шақырамыз», ‒ деді  форум барысында облыс әкімінің орынбасары  Е.Садыр.

Өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосқан бұл форумға Астана, Алматы, Қызылорда, Жамбыл мен Шығыс Қазақстан облыстарынан қонақтар келді.

Атап айтсақ, «Ара.kz» журналының бас редакторы, Қазақстан жазушылары одағының сатира кеңесінің төрағасы К.Әмірбек, «Түркістан» газетінің бас редакторы Ш.Паттеев, «Айқын» газетінің бас редакторы Н.Жүсіп, «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы К.Сәттібайұлы, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының медиа директоры Қ.Әуесбайұлы, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Ж.Жұмәділов сынды білікті журналистер қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Хабарламаларға жазылу