Назарбаев Университетінде Philips-тің медициналық жабдықтар бойынша қызмет көрсету орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Назарбаев Университетінде Philips-тің медициналық жабдықтар бойынша қызмет көрсету орталығы ашылды

09.06.2015
Назарбаев Университетінде Philips-тің медициналық жабдықтар бойынша қызмет көрсету орталығы ашылды

Тұңғыш рет Назарбаев Университетінің Технопаркінде Philips компаниясының медициналық жабдықтар бойынша қызмет көрсету орталығы ашылды. Орталықтың ұжымы алдағы уақытта тек қазақстандық мамандардан құрылмақ. 

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Philips компаниясының Қазақстандағы және Орталық Азиядағы басшысы Ярослав Виноградов мәлімдеді.

«Назарбаев Университетінің Технопаркі мен Philips компаниясы қазақстандық студенттерге арналған жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен қызмет көрсету бойынша білім беру бағдарламаларын әзірлеуде. Орталық жас мамандардың кәсіби даярлық деңгейін арттыруға мүмкіндік бермек», - дейді ол.

Бүгінде еліміздегі емханаларда аталған компанияның медициналық жабдықтарының саны жылдан-жылға өсіп келеді.

«Philips компаниясы қазірдің өзінде Қазақстандағы түрлі медициналық мекемелермен, оның ішінде аймақтық мекемелермен тығыз жұмыс істейді. Атап айтсақ, ультрадыбысты диагностикаға арналған құрылғылар, рентгендік жабдық, магниттік-резонанстық томографтар, компьютерлік томографтар және ядролық медицина құрылғылары сынды кәсіби медициналық жабдықтарын жеткізуде», - дейді Я.Виноградов.

Оның айтуынша, компанияның ең соңғы медициналық жабдықтары Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми медициналық орталығы, Астана қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты, Алматы қаласындағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты, Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы және Алматы қаласындағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу орталығында орнатылған.

Хабарламаларға жазылу