Ғалымдар Жанкент шаһарын 20 жылдан бері зерттеп келеді
Қызылорда облысы аумағындағы ежелгі Жанкент шаһарын ғалымдар жиырма жылдан бері зерттеп келеді. Оғыздар дәуірінің ордасы болған қалашықтан археологтар осы күнге дейін 60 мыңнан астам жәдігер тапқан. Бірақ мамандар көне шаһардың қойнауы сырға толы дейді.
Тарихта Жанкент орта ғасырда Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда орталықтарының бірі деп сипатталған. Көне шаһарда қазба жұмыстарын жүргізген археологтар бұл сауданың ғана емес, өз заманында архитектурасы ерекше қала болғанын айтады. Қыштан жасалған құмыралардан бөлек су ағар құбырлар табылғаны еуропалық ғалымдарды таңдандырып отыр.
Генрих Харке, ғалым /Германия/:
Жанкент Жібек жолы бойында тауарларды Сырдария немесе Арал теңізі арқылы үлестіретін маңызды логистикалық орталық қызметін атқарған. Шаһардың негізгі тарихи маңызы да осы сауда тоғысында жатыр. Жанкент инженерлік жүйе жүргізілген, қолөнер мен мәдениеттің өркендеген ордасы болғаны көптеген қызығушылық туғызады.
20 жыл ішінде ғалымдар мұнда 250 экспедициялық-археологиялық зерттеу жүргізген. Осы уақыт аралығында археологтар 16 гектар жерді алып жатқан көне шаһардың бір бөлігін зерделеген. Жанкенттен табылған құнды жәдігерлерді сараптамадан өткізуге еуропалық ғалымдар да атсалысып жатыр.
Сейдалы Біләлов, Археология және этнография орталығының жетекшісі:
Жанкент туралы бүкіл Қазақстанда ешқандай ескерткіш мұндай деңгейде зерттелген жоқ. Жанкент бойынша қазір 250-ден аса сараптама жасалған. 2018 жылы Германияның ғылыми жобаларды қолдау қорымен үлкен жоба орындадық. Бұл жоба 5 жылға жуық созылды. Түрлі салада жұмыс істейтін ғалымдармен коллобарация, яғни бірлескен жұмыстар жүргізілді.
Жанкент - өткеннің жұрнағы ғана емес, Сыр бойында қалыптасқан көне өркениеттің айқын белгісі. Бүгінде бұл тарихи қала ашық аспан астындағы мұражайға айналып, өңірдің туристік картасына енді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы