Қазақстанда балалар құқығы қалай қорғалады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда балалар құқығы қалай қорғалады?

01.06.2015
Қазақстанда балалар құқығы қалай қорғалады?

Ата-ана баланы тәрбиелей отырып, оны қорғауға міндетті. Әлі жасы жетпегендіктен, қабілеті толық қалыптаспағандықтан, балалар өз мүдделерін өздері қорғай алмайды. Сондықтан ата-ана, біріншіден, балаларының құқығын қорғауға міндетті. Бұл оның мүлкіне де, жеке басына да қатысты.

Екіншіден, балалардың мүддесін қорғауға заң жүзінде белгіленетін құқық, мысалы, баланың мұрагер болу құқығы да жатады. Құқықты қорғауға баланың құқығын бұзуға жол бермеу үшін күресу мәселесі де қосылады. Ата-аналар өз балаларының заңды өкілі.

Ата-аналар баласына теріс қарамайтыны анық. Дегенмен, өкінішке қарай, өмірде керісінше жағдайлар кездесетіні жасырын емес. Тәрбиеден қате жіберілсе, оның салдары ата-ананың өзіне тиеді. Тәрбиесіздік пен адамгершілікке жатпайтын тәртіп балаға оңайға соқпайды.

Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі алғашқы ұйым әлемде 1919 жылы пайда болды, 1924 жылы – Ұлттар лигасының Женева бала құқықтары туралы декларациясы, 1959 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының Бала құқықтары декларациясы қабылданды, 1979 жыл Халықаралық Бала жылы болып жарияланды және тек он жыл өткеннен кейін ғана Бала құқықтары туралы конвенция қабылданды.

Осы орайда біздің елдегі балалар құқығының қорғалуы қай деңгейде? Бүгін 00:00-де бұл сауалға «Сіз не дейсіз?» хабарының қонағы ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау басқармасының жетекшісі Құлатай Ысқақ жауап бермек.

Хабарламаларға жазылу