«Астана Опера» театры көрермендеріне «Жазға дайынбыз!» атты бағдарлама ұсынып отыр. Бағдарлама туралы театрдың әдеби-музыкалық бөлімінің жетекші редакторы, музыкатанушы Төлеген Назарбеков бүгін «Таңшолпанда» айтып берді.
«Біз төрт концертті балаларға арналған абонементке қосып отырмыз. Ол «Алақай, демалыс!» деп аталады. Төрт концерттің қатарында «Тату-тәтті ішекті отбасы және басқа аспаптар», «Тату-тәтті үрмелі және соқпалы аспаптар отбасы», «Петя мен қасқыр» симфониялық ертегісі және опера дауыстарына арналған «Түрлі музыкалық дауыстар» концерті бар. Бұл абонементтің ерекшелігі – тиімділігінде. Себебі, төрт концертке 1000 теңге төлесе жеткілікті. Есесіне, балалар ұлы классикалық өнерге қанығады»,-дейді Төлеген Назарбеков.
«Бұл бастаманың мақсаты – балаларды симфониялық оркестрмен таныстыру. Себебі, концертті жүргізетін симфониялық оркестр. Ол оркестр операны да, балетті де, симфониялық концерттерді де сүйемелдейді. Сондықтан, симфониялық оркестр – классикалық музыканың түп негізі сияқты. Жалпы, бұл оркестр ішекті, үрлемелі, соқпалы-ұрмалы болып бөлінеді. Біздің көздегеніміз – соларды біріктіріп, балаларды симфониялық оркестрдің ерекшеліктерімен таныстыру».
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.