Жуырда қазақтың ұлы ақыны, жазушы, ағартушы Абай Құнанбаевтың әкесi Құнанбай Өскенбайұлының сара жол туралы «Құнанбай» тарихи көркем фильмі жарыққа шықты. Туынды авторы әрі басты рөлді сомдаушы актер, кинорежиссер, ҚР Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Досхан Жолжақсынов бүгін «Таңшолпан» бағдарламасында фильм төңірегінде әңгіме өрбітті.
«Қазіргі кезең мен үшін, менің әріптестерім үшін қуанышты да сын кезеңі. Дегенмен, аздап аптығымызды басқандаймыз. Себебі, Қарауылға барып алғашқы тұсаукесерімізді өткізіп келдік. Қарауыл – осы фильм үшін, менің кейіпкерім үшін орны бөлек жер, қасиетті топырақ. Сондықтан, бүкіл ауыл болып қол ұшын берді. Ауылдағы әжелерімізді, бауырларымызды кейбір эпизодтарға, көпшілік ортадағы көріністерге түсірдік.
Жалпы, картина бір ай 18 күнде түсіріліп бітті. Түсірілімді бастамас бұрын Құнанбай бабамыздың басына барып, ас бердік, бәйге ұйымдастырдық. Фильмді бұл топыраққа көрсетпеу, мен үшін киноға қиянат сияқты көрінді. Сондықтан, алып барып, тұсауын кестірдік. Халық көп жиналды», дейді Досхан Жолжақсынов.
«Кино болған соң қиындықтар да болды. Мысалы, біз түсірілім барысында 500-ге тарта киіз үй тіктік. Бір түнде қатты дауыл тұрып, 200-дей киіз үйді көтеріп кетті. Кейбірін тіпті 2-3 шақырым жерден тауып жаттық. Бірақ, халық болып кірісіп, бірден қалпына келтірді.
Сондай-ақ, бір күнде көпшілік көріністерді түсіре қою қиын. Өскенбайдың асында жиналатын топ бар, Қодар мен Қамқаны жазалайтын жерде үлкен топ бар, осының бәріне ақсақалдарымыз, әжелеріміз күтімі болмаса да, таңертеңнен келеді. «Айналайын, Досхан, Құныкеңнің әруағы үшін келдік»,-деп. Мұның бәрі адамға қанат бітіреді екен»,-дейді актер.
Тарихи фильм турасында өрбіген сұхбатты толығырақ «Таңшолпаннан» тыңдай аласыздар.