«Құнанбай» фильмі БАҚ өкілдерінің назарына ұсынылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Құнанбай» фильмі БАҚ өкілдерінің назарына ұсынылды

16.05.2015
«Құнанбай» фильмі БАҚ өкілдерінің назарына ұсынылды

Мамырдың 26-нан еліміздің үлкен экрандарына «Құнанбай» тарихи көркем фильмі шығады. Аталмыш туынды қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының өмірінен сыр шертеді. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы түсірген, режиссер Досхан Жолжақсыновтың фильмі бүгін БАҚ өкілдерінің назарына ұсынылды.  

Қарадан шығып хан атанған, атақты дала кемеңгерінің өмірінен сыр шертетін тарихи фильм бір адамның ғана емес, барша қазақ халқының өткен тарихын суреттеп тұрғандай. Себебі, бір ауыз сөзбен дауды шешіп, қарақылды қақ жарып, әділдігін айтқан қазақ билерінің образдары фильмде барынша ашылған. 

Көркем фильмнің сценарийін жазғанда режиссердің өзі және ерте өмірден озған жазушы, мәдениеттанушы Таласбек Әсемқұлов. 

Фильмнің композиторы - Төлеген Мұхамеджанов.

Түсірілім жұмыстары 1 ай 18 күн бойына Шығыс Қазақстанның Абай ауданы Қараауыл ауылында өткен. 

Динамикаға толы, бір демде көріп шығатын бұл фильм Досхан Жолжақсыновтың тарихи тұлғалар туралы екінші туындысы. Мұның алдында «Біржан сал» киносын түсірген болатын. Алдағы жоспары «Аңырақай» шайқасы туралы кино түсіріп, жалпы осындай еңбектері арқылы келер ұрпақ санасына өткен тарихымызды сіңіру.

Дәулетхан МҰРАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу