Италияда нацизммен соғыста қаза тапқан кеңес жауынгерлері еске алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Италияда нацизммен соғыста қаза тапқан кеңес жауынгерлері еске алынды

30.04.2015
Италияда нацизммен соғыста қаза тапқан кеңес жауынгерлері еске алынды

2015 жылы 25 сәуірде Италияның Азаттығы мен Біріктірілуінің 70 жылдығына орай елдің бүкіл аймақтарында өтіп жатқан мерекелік шаралар аясында, Триест қаласының әскери зиратында Италияның солтүстік облыстарын азат ету кезінде қаза тапқан кеңес солдаттарының ескерткішіне гүл шоқтарын қою салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшілігі және Қазақстанның құрметті консулдығымен бірігіп, Фриули-Венеция-Джулия өнірінде ұйымдастырған болатын.

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кеңес жауынгерлерінің құрметпен еске алуға Словениядағы Ресей Елшілігінің және Италиядағы Беларусь елшілігінің өкілдері келді. Италиялық тараптан партизандық соғыс ардагерлері, партизан ассоциацияның мүшелері, Триест қаласы мэрияның өкілі Эди Краус, Триест провинция президентінің орынбасары Игорь Доленц, Фриули-Венеция-Джулия аймақ Әкімшілігінің өкілі Франческо Перони, аймақтағы жоғары әскери, полиция және жандармерия қолбасшылығы қатысты.

Югославия Халықтық-Азат ету Армиясы «орыс батальонының» 104 кеңес жауынгерлерінің, оның 36-сы қазақтар, құрметіне ескерткішті 2010 жылы Қазақстан Үкіметі орнатқан болатын. Жоғалған сарбаздарды іздеуге соғыс ардагері, жазушы Қалмұқан Исабай бастамашы болды. Обелиск орнату Италиядағы Қазақстан Елшілігінің қаза тапқан солдаттардың жерленген орындары мен олардың есімдерін іздеудегі қажырлы еңбектерінің арқасында мүмкін болды.

Рәсімде сөз сөйлеген Қазақстанның Италиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андриан Елемесов осы обелискіні орнатуда көрсетілген баға жетпес көмегі үшін Триест қаласының мэріне, сондай-ақ обелискіні қайта қалпына келтіруге қаржылай қаражат бөлген Фриули-Венеция-Джулия өңіріндегі Құрметті консул Л. Беллинеллоға және Пьемонт аймағындағы Құрметті консул Э. Биготтиге алғыс білдірді.

Сол күні қазақстандық Елшілік делегациясы бұрынғы нацистік концлагерь «Ризиера ди Сан Сабаның» қабырғасында Триест қаласының мэрі өткізген мемориалдық митингке қатысып, нацистік режим құрбандарының құрметіне Қазақ халқы атынан гүл шоғын қойды.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде италиялық Қарсыласу Қозғалысына қатысқан партизандар құрамында Италияның аумағында Кеңес Одағының 5000-нан астам азаматы қатысты. Италия аумағындағы ұрыс қимылдарында олардың ішінен мыңға жуық адам қаза тапты. 104-інің есімдері қазір қазақстандық тараптың күшімен жоғалғандар қатарынан қайтарылды.

Хабарламаларға жазылу