Баланың шахмат ойынына қызығушылығын ояту. Жеңіске жету жолдары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Баланың шахмат ойынына қызығушылығын ояту. Жеңіске жету жолдары

26.04.2015
Баланың шахмат ойынына қызығушылығын ояту. Жеңіске жету жолдары

Қазіргі уақытта әлемнің бірқатар елдері шахмат ойынын мектеп бағдарламасына енгізуде. Шахмат спортының басты ережесі: зейін қойып, ыждаһаттылық таныту. Мұндай болмаған жағдайда, нәтижеге қол жеткізу екіталай.

Баланың талантын ашу және оның қызығушылығын бақылау

Ең бастысы - бақылау. Егер, балаңыздың нақты бір іске қатты қызығушылығы оянса, оған көп көңіл бөліңіз және даму үдерісін қадағалаңыз. Сондай-ақ, мұндай жағдайда балаңыздың қызығушылығына қарай (музыка оқытушысы, спорт жаттықтырушысы және т.б) кәсіби маманның кеңесіне жүгінгеніңіз абзал.

Шахматқа үйрету

Шахмат ойнауды үйрену және бірінші разрядқа дейін жету - әркімнің қолынан келеді. Ең бастысы - қызығушылық. Егер, бала қабілетті болса, спортпен тұрақты түрде айналысып, жарыстарға қатысып жүрсе, бұл жетістікке ең кемі 1-2 жыл ішінде қол жеткізуге болады.

Баланың қажетті ақпараттарды жақсы меңгеруі үшін сезім органдары арқылы әсер ету керек. Мысалы: саябақтағы жалғызаяқ жолдарға салынған шаршы тақтайшаларда «ат» және «піл» сияқты секіру. Бұл - шахмат үйренумен қоса, дене шынықтыру, таза ауада серуендеу және баламен әңгімелесу.

Жетістік жолында

Өмірде жетістікке қол жеткізуді армандаған болсаңыз, сол іспен ұзақ айналысу қажет. 1950-1960 жылдары спортшылар  мақсатына 20-25 жаста жетсе, қазір әлемдегі ең жас гроссмейстер - 12 жаста. Бұл дегеніміз - күнсайынғы 8-10 сағаттық жаттығу. Жаттығудан тыс, бала демалыс үшін уақыт тауып, мектеп бағдарламасын меңгеруі тиіс. Яғни, халықаралық супертурнирлерге қатысып жүрген жас спортшы психологиялық, физикалық  жағдайлардың бәріне дайын болуы керек.

Баланы ынталандыру

Баланы күніне 5-6 сағат шахматпен айналысуға мәжбүрлеу өте қиын. Ол өзіне қажетті, оны өзгелерден ерекше етіп көрсететін іспен айналысып жүргенін түсінуі керек. Дәл осы нәрсе ғана баланың өз ісіне деген ынтасын оята алады.

Сонымен қатар, жеңіл жарыстарға ұмтылмау керек. Тіпті ол соңғы орын болса да, күшін жұмсап, лайықты бәсекелестік арқылы қол жеткізгені абзал. 

Жеңіліске жол бермеу, жеңістен кейінгі «мұрын шүйірудің» алдын алу

Жетістікке жету үшін - келеңсіздіктерден өту міндет. Мұндай кездері балаға ұрысудың қажеті жоқ. Керісінше, жеңілістің ұлы спортшылардың да басынан өткергенін айтып-түсіндіру қажет. Бала әрбір жеңілісінен сабақ алуы керек. Қателікке қалай жол бергенін сараптап, оған алға жылжудың жолы деп қарауы керек. Ал, жеңіс - ауыр еңбектің заңды нәтижесі.

Ата-ананың баласы үшін уайымы зор  

Бастысы - кедергі келтірмеу. Яғни, ата-аналардың толқынысы балаға әсер етпеуі керек.

 

chess.org.kz

Хабарламаларға жазылу