Ертең Елордада жалпықалалық сенбілік өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең Елордада жалпықалалық сенбілік өтеді

17.04.2015
Ертең Елордада жалпықалалық сенбілік өтеді

18 сәуір күні Елорда тұрғындары биылғы жылы алғаш рет өткелі отырған «Біз таза қаланы қолдаймыз!» экологиялық сенбілігіне шығады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Сенбілік аясында қаланы жасылдандыру мен абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік нысандар аумағы, сонымен қатар, саябақтар мен шағын бақтар тазартылады.

Қала тұрғындары көшелерді, орамішілік аумақтарды, жаяу жолдарды тазалауға қатысса, қаланың коммуналдық шаруашылық қызметкерлері нөсер және арық-науа кәріздері жүйелерін тазалайды. Бұдан бөлек, Астана саябақтарының жасыл көшеттеріне күтім жасалып, гүлзарлар жаз маусымына дайындалады. 

Астана тұрғындары қаламызды көркейтіп қана қоймай, ауаның тазаруына көмектесетін ағаш көшеттерін егеді. Сенбілік аясында студенттер мен еріктілер Есіл, Ақбұлақ және Сарыбұлақ өзендерінің арналарын қоқыс пен тұрмыстық қалдықтардан тазалауға қатысады.

Хабарламаларға жазылу