Игорь Сон (50 келі) және Татьяна Капустина (+69 келі) Лимада (Перу) өткен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында көрермендердің таңдауы бойынша, сәйкесінше, ұлдар мен қыздар арасында «Үздік ауыр атлетші» атақтарына ие болды.
Сыйлықтар атлеттерге чемпионаттың жабылу салтанатында тапсырылған. Айта кетейік, аяқталған Әлем чемпионатында Игорь мен Татьяна басты жүлдеге ие болған.
Сонымен қатар, Қазақстан құрамасының қоржынына күміс жүлдені Әйгерім Әуелбек (58 келі), ал қола медальды Шыңғыс Сағындықов (85 келі) салды.
Басты жүлделерден басқа спортшыларымыз жеке жаттығуларда да ерекшеленді. Мысалы, олар үш «кіші алтын» медаль (Игорь Сон – 2, Татьяна Капустина – 1), екі «кіші күміс» (Әйгерім Ауылбек – 1, Татьяна Капустина – 1) және екі «кіші қола» (Әйгерим Әуелбек – 1, Шыңғыс Сағындыков – 1) жүлдеге ие болған.
Жалпы Перу елінің Лима қаласында 8-12 сәуір күндерінде өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатына дүниежүзінің 189 үздік жас спортшысы қатысқан. Бұл додаға Қазақстан Ұлттық құрамасынан 6 зілтемірші сынға түсті.
Жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Бахыт Ахметов шәкірттеріне ризашылығын білдірді. «Әрине, Әлем чемпионатының нәтижелері қуантуда. Жарысқа барған спортшылардың дайындығы жақсы болып, оқу-жаттығу жиындары да сәтті өткен. Қазақстанның ауыр атлетика мектебі бүкіл әлемге танымал болғандықтан, балаларға жүктелген жауапкершілік те үлкен болды. Бірақ жас өрендер қойған тапсырмаларды сәтті орындады. Чемпиондарды тәрбиелеуге жағдайды жасаған Федерация мен Конфедерацияларға алғысымызды білдіреміз», - дейді Бахыт Ахметов.
«Алтын жүлдеге ие болғаныма өте қуаныштымын. Біз еліміздің Әлем және Олимпиада чемпиондарына қарап бой түзедік, сондықтан, тек жеңіске ұмтылдық», дейді жарыстың алғашқы күнінде алтын медальға ие болған жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионы Игорь Сон.
confederation.kz