«Поэзия әлемінде» - Хамит Есаман - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Поэзия әлемінде» - Хамит Есаман

04.04.2015
«Поэзия әлемінде» - Хамит Есаман

Хамит Есаман – әдебиет әлеміне өзіне тән ерекшелігімен келген ақын. Ол 1986 жылы 16 тамызда Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылында дүниеге келген. Тараз педагогикалық институтының түлегі.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша 2008 жылы «Жалын» баспасынан «Ағаштың бүрі», 2013 жылы «Жазушы» баспасынан «Қараша хаттары» атты өлеңдер жинағы жарық көрген.

Күзгі мұң

 

Сарғайып жатты кешегі жасыл жапырақ,

Мүлгіді сосын айналадағы атырап.

Қайтқан құстардың қанат суылына қаныққан,

Шайырлар бүгін күз жайлы өлең оқымақ.

 

Бетке алып көне сәкіні,

Кілең шайырлар күз жайлы өлең оқыды.

Кенет бұлттардың жыр тамшылады көзінен,

Ол да бір қазақ ақыны.

 

Басылмай көңіл тұманы,

Отырмын жалғыз жазға бағыштап дұғаны.

Біз жақтан құстар біржола кеткен секілді,

Олардың қайта оралатындығы шүбәлі.

 

Кеткендей болды қанатына байлап көктемін,

Мен де өлең оқып, сезімді келмей шектегім.

Әлден уақытта мамырға қарап күрсініп,

Қарашаға қарай мұңайып қана беттедім.

 

Күзді қарсы алдық...

Шайырлар сірә шайқады,

Байқалып қалды әлі де бар-ау айтары.

Біз жақтан ұшқан әз құстар өзге көктемге,

Біз жаққа күздің келгенінен хабар айтады,

Күзгі мұң...

Хабарламаларға жазылу