Астанада 28 наурыз күні «Еуро-2016» іріктеу турнирінің аясында Қазақстан-Исландия құрамалары кездеседі. Осыған орай Қазақстан Футбол федерациясының баспасөз хатшысы Дина Ысқақова және ҚР Ұлттық құрамасының ойыншысы Бауыржан Исламхан бүгін таңғы бағдарламада қонақта болды.
«Исландия құрамасы – мықты құрамалардың бірі. Голландияны, Түркияны жеңіп, жақсы нәтиже көрсетуде. Мен Исландиямен жастар құрамасында бірінші рет ойнағанмын. Ол кезде біз 3:2 есебімен ұтқан едік. Сол жеңісті осы жолы қайталасақ деген үміттеміз»,-дейді футболшы.
«Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне қатысып жатқан кез келген құраманы әлсіз қарсылас деп қарастыруға болмайды. Барлығының мақсаты бір – жеңіске жету, елінің абыройын асқақтату.
Біздің құрама дайындықты Түркиядан бастады, ал, Астанада 23 наурыздан бастап жаттығу үстінде. Бір айта кетерлігі, қарсылас команда Астанаға 24 наурызда келіп, оқу-жаттығу жұмыстарын ерте бастап кетті. Негізі мұндай іріктеу турнирлерінде басқа елдің спортшылары ерте келмейді. Соған қарағанда, Бауыржан Исламхан, Самат Смақов бастаған біздің команданы олар азулы қарсылас санайтын сияқты»,-дейді Дина Ысқақова.
Толығырақ – «Таңшолпанда».
Еске сала кету керек, Қазақстан – Исландия арасындағы бәсекені 28 наурыз күні Ұлттық арнадан сағат 20.40-та тікелей эфирде тамашалай аласыздар.