Наурыз – ертеден басталған төл мейрамымыз. Мизам шақ туғанда жердің тоңы жібіп, адамдардың көңіліне сәуле ұялаған, сол сәулемен шаңыраққа құт дариды дескен. Ұлыстың ұлы күнінде ағайын жұрт бір-бірімен табысып, төс қағысқан.
Ақшаңқан киіз үйлер тілігіп, мерекелік думан басталған. Дастарханға түрлі тағамдар қойылып, аққа яғни, молшылыққа қол жеткен күн деп жорыған. Мұның бәрі көнеден жеткен ғұрып. Алайда, сол дәстүрдің ішінде ұмыт қалғаны да жоқ емес.
Этнограф Досымбек Қатыран соңғы кездері 21 наурызды демалыс күн қылғаны оң болғанын айтады. «Себебі, 21 наурыз Жаңа жылды қарсы алуға дайындық күні іспеттес. Яғни, үйдегі ескі-құсқыны өртеу, кетік ыдыстарды шығару – осының бәрі келе жатқан жаңа күнді жақсы ырыммен қарсы алуға байланысты болған»,-дейді ол.
Көңілге шаттық пен қуаныш сыйлаған көктем мерекесінде ерекше ырымдар да болған. Күн мен түн теңеліп, жаңа күн туғанда дана халқымыз сол күннен жақсылық күткен. Әсіресе, жыл басын қарсы алған шақта төрткүлдеп ошақ қаздырып, таңды қарсы алған.
Қазақтың Наурызға қатысты тағы қандай ырымдары бар? Толығырақ «Таңшолпаннан» көріңіз.